Kaspi Bank акционерлерінің бірі Вячеслав Ким "Самұрық-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қорының директорлар кеңесінен шығу туралы шешім қабылдады.
Ол қордың тәуелсіз директоры болды. Директорлар кеңесінен "өз еркімен" кетті, делінген Қазақстан қор биржасының сайтындағы хабарламада.
Енгізілген өзгерістерге байланысты "Самұрық-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ директорлар кеңесінде енді алты адам болады: Джон Дудас, Онг Бун Хви, Лука Сутера, қор басқармасының төрағасы - Алмасадам Сәтқалиев, Елбасының көмекшісі - Данияр Ақышев, ұлттық экономика министрі - Әлібек Қуантыров.
Вячеслав Ким Kaspi Bank акцияларының 24%-ін иеленіп отыр және директорлар кеңесінің мүшесі. Forbes.kz мәліметінше, 2021 жылы ол алғаш рет жаһандық миллиардерлер тізіміне енді (925 орын).