16 там, 2021 сағат 20:56

Вице-премьер вакцина алмаған қызметкерлерді анықтау жөнінде тапсырма берді


Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізді. Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Бүгінгі күні инфекциялық төсектердің толымдылығы 55%, реанимациялық төсектердің жүктемесі 47%-ті құрайды. Дегенмен Ералы Тоғжанов бірқатар өңірде, атап айтқанда Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында, Маңғыстау, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарында халықты вакцинамен қамту белсенділігінің төмен екенін атап өтті.

Сондай-ақ Ақмола, Маңғыстау, Атырау және Қостанай облыстарында тұрғын үй аулаларын аралау арқылы халық арасында екпе жұмыстарының ұйымдастырылмағанын айтты. Осыған байланысты премьер-министрдің орынбасары анықталған кемшіліктерді түзету бойынша тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.

Сонымен қатар мемлекеттік органдарға келесідей тапсырмалар берілді:

2021-2022 жылдарға арналған COVID-19-ға қарсы іс-қимыл жөніндегі жедел іс-қимыл жоспарын әзірлеу;

қызмет көрсету саласында вакцина алмаған қызметкерлерді анықтау жөніндегі мониторингтік топтардың іс-қимыл алгоритмін бекіту.