Қазақстанда агроөнеркәсіп саласын мемлекеттік қолдау шараларының деңгейі ЕАЭО елдеріндегі жағдайдан қарағанда төмен. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазіргі уақытта Еуразиялық экономикалық одақ елдеріндегі серіктестерімізден қарағанда, Қазақстанда мемлекеттік қолдау деңгейі төмен. Мәселен, Беларусь жалпы ішкі өнімнің 8,1 пайызын, Ресей 6,3 пайызын ауыл шаруашылығын қолдауға жұмсайды. Ал бізде Қазақстанда бұл көрсеткіш 5 пайызды ғана құрайды. Сонымен қатар, бізде АӨК саласындағы мемлекеттік бағдарламаларды жеке қаржыландырмау деңгейі 140 млрд теңгеге жетіп отыр», - деді Айдарбек Сапаров Парламент Сенатында өтіп жатқан дөңгелек үстел барысында.
Вице-министрдің айтуына қарағанда, агроөнеркәсіп саясаты департаменті ЕАЭО елдеріндегі мемлекеттік қолдау шараларына шолу жасап көрген.
«Мәселен, Ресейде АӨК субъектілерін жеңілдетілген несие 1-5 пайызбен ұсынылса, Қазақстанда 6-8 пайызбен беріледі. Ресейде ауыл шаруашылығы техникасының лизингі 3,5 пайызбен, ал біздегі «Қазагроқаржыландыру» лизингі бойынша 4-7 пайызбен ұсынылады. Сол секілді РФ-да алғашқы жарнаны өтеп беру секілді жаңа механизмдер іске қосылып жатыр. Көршілес Өзбекстанда да дәл осындай жеңілдіктер күшіне ене бастады», - деді ол.