Сурет: Atameken.kz
Азаматтарды банкрот деп тану – қарызды кешіру акциясы емес. Себебі, мұның заңмен реттелетін салдары бар. Бұл туралы елорда тұрғындарымен кездескен Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.
«Банкроттық әр азаматтың еркімен жүзеге асырылады. Мысалы, үшінші жақтағы тұлғалар өзге адам үшін банкроттықты қозғай алмайды. Бұл тек қана әр азаматтың еркі болуы керек. Себебі банкроттық деген - қарызды кешіру акциясы емес. Оны азаматтар түсінуі керек. Өйткені оның заңмен реттелетін салдары бар. Банкрот деп танылған адамдар 5 жыл несие ала алмайды. Сонымен бірге 7 жылдың ішінде өзін қайтадан банкрот деп тануға жатпайды», - деп атап өтті Ержан Біржанов.
Оның мәліметінше, қазақстандықтар 3 наурыздан бастап банкроттыққа өтініш бере алады.
Жалпы банкроттық туралы заң рәсімнің үш түрін көздейді. Олар – соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру.