30 қаз, 2017 сағат 11:51

Виктор Водолацкий: "Ресей шекараға қатысты Қазақстанның ұстанымын қолдайды..."

Бүгін елордада өтіп жатқан ҚР Парламенті Мәжілісі мен РФ Федералды жиналысының Мемлекеттік думасы комитеттерінің кездесуінде ресейлік депутат Виктор Водолацкий Қазақ-қырғыз шекарасындағы ахуалға байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Ресей Қазақстанның және аталған процеске өзге де қатысушылардың ұстанымын қолдайды. Біздердің арамызда әділ, ашық және серіктестік қарым-қатынас болуы тиіс. Тек сонда ғана біз ұтысқа шығамыз. Сонда ғана біздің одақ қарқынды дамитын болады және аталған процеске қатысушы мемлекеттердің ғана емес, сонымен бірге ШЫҰ, БРИКС және өзге де елдердің басымдықты экономикасына қол жеткізілетін болады. Біз сыртқы, «сұр» сызбаларға тәуелді болмауымыз қажет», - деді РФ Федералды жиналысы Мемлекеттік думасының ТМД, еуразиялық интеграция және отандастармен байланыс істері комитеті төрағасының орынбасары Виктор Водолацкий БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.  

Оның айтуынша, егерде «сұр» сызба жұмыс істесе, онда Еуразиялық экономикалық одақтың 2018 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енуі тиіс жаңа Кеден кодексіне сенім  болмайды.

«Біздің бүгінгі міндетіміз, оны барынша шектеу. Атап өткенімдей, біз әділ әрі сенім негізінде жұмыс істейміз. Егер тым болмағанда бір тарап бұл бағытта аздаған «тентектік» көрсете бастаса, онда шекарада орын алған және орын алып жатқан теріс сәттерді біршама төмендетуге бағытталған репрессивті шаралар қолданылатын болады. РФ-ға қарсы санкциялар енгізілген кезде тек Қырғызстан-Қазақстан шекарасында ғана емес, сонымен бірге Ресей мен Беларусь шекарасында да орын алған жайттарды көрдік. Сол кезде Беларусьта өмірі шығарылмаған өнімдер сол елдің брендімен пайда болған еді», - деді Водолацкий.