Фото: AFP
Вьетнамда толассыз жауған жаңбыр мен су тасқынынан кемінде 41 адам қаза тапты, деп хабарлайды Ult.kz BBC-ге сілтеме жасап.
Мемлекеттік БАҚ дерегінше, орталық өңірлерді бірнеше күн бойы тоқтаусыз жауған нөсер басып, 9 адам әлі із-түзсіз жоғалған. Су тасқыны салдарынан 52 мыңнан астам үй су астында қалды, ал 500 мыңға жуық үй мен кәсіпорын жарықсыз отыр. Он мыңдаған тұрғын қауіпсіз аймақтарға шұғыл эвакуацияланды.
Соңғы үш күнде кей өңірлердегі жауын-шашын көлемі 1,5 метрден асып, тіпті кей аймақтарда 1993 жылғы тарихи 5,2 метрлік су деңгейінен жоғарылаған.
Бұл – соңғы айларда Вьетнамды шарпыған табиғи апаттардың жалғасы. Бұған дейін ел аумағында соққан Kalmaegi және Bualoi тайфундары үлкен шығын әкелген еді.
Үкімет дерегіне сүйенсек, биыл қаңтар-қазан айлары аралығында табиғи апаттар елге 2 млрд доллардан астам материалдық шығын келтірген.
Су тасқыны Вьетнамның орталық таулы аймағындағы ірі кофе өндіру белдеуіне де ауыр соққы болды. Dak Lak провинциясында ондаған мың үй су астында қалып, фермерлер бұған дейінгі дауылдардан кейін де тоқтап қалған кофе жинау жұмыстарына қайта кірісе алмай отыр. Вьетнам — әлемдегі робуста сортындағы кофенің жетекші экспорттаушыларының бірі.
Билік өкілдері апатты ауа райы кем дегенде жексенбіге дейін созылуы мүмкін екенін ескертті. Әскери бөлімдер мен полиция тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру үшін жедел эвакуациялық орталықтар ұйымдастыруда.
