06 қар, 2020 сағат 22:39

Вена басшылығы терактіден соң екі мешітті жабуды ұйғарды

Венада 2 қарашада төрт адамды атып өлтірген адам барып жүрген екі мешіт жабылады. Қала басшылығының бұл шешімін интеграция министрі Сюзанне Рааб айтты деп хабарлайды Reuters.

Жұма, 6 қараша күні мешіттерде тінту жүрген. Рааб бұл әрекеттердің дінге сенетіндерге қысым болып саналмайтынын айтты.

Австрия басшылығының пікірі бойынша, екі мешіттің де жамағаты исламның радикал бағытын ұстанған. 20 жастағы Австрия және Солтүстік Македония азаматы Куйтим Фейзулай да солардың қатарында болған. Өткен дүйсенбіде ол Венаның орталығында демалып жүргендерге оқ атқан.

Бірнеше минуттан соң оның өзін полицейлер атып өлтірді. Фейзулайдың әрекеттері теракт деп бағаланды. Полицейлер қылмыстың ізі бойынша үлкен операция жүргізіп, 15 адамды қамауға алған. Вена прокуратурасы тағы сегіз адамды тұтқындауды талап етіп отыр.

  • 2019 жылғы сәуірде Куйтим Фейзулай «Ислам мемлекетінің» (Қазақстанда және әлемнің көп елінде тыйым салынған террорлық ұйым) қатарында соғысу үшін Сирияға кетпек болғаны үшін 22 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесілген. Ол түрмеде тек сегіз ай отырып, былтырғы желтоқсанда бостандыққа шыққан.
  • Австрия ішкі істер министрінің айтуынша, Фейзулай «радикал көзқарастарды өзгертетін» оқыту курстарын қатысқан. Соған қарамастан, "Австрия қоғамына біртіндеп сіңісіп жатқандай көрінген Фейзулай радикал идеялардың жетегінде қала берген".
  • Германия полициясы 6 қарашада Куйтим Фейзулаймен байланысы бар деген күдікке ілінген адамдардың үйлері мен кеңселерінде тінту жүргізді.