29 шіл, 2020 сағат 18:56

Ведомствоаралық комиссия Президент тапсырмаларын ерекше бақылауға алды

Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен Коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің ресми сайты.

Басқосуда Мемлекет басшысының карантин шараларын екі аптаға ұзарту жөніндегі тапсырмасы, өңірлердегі эпидемиологиялық жағдай, сондай-ақ карантин режимін бұзу фактілері жан-жақты қаралды. 

Карантин режимінің ұзартылуына байланысты өңірлер әкімдіктеріне бизнес субъектілерімен карантин шаралары аяқталғаннан кейін олардың қызметін қалпына келтіру бойынша алдын ала жұмыс жүргізу тапсырылды. 

Денсаулық сақтау министрлігіне ағымдағы жылдың 5 тамызына дейін енгізілетін нысандар бойынша санитарлық талаптарды бекіту және жариялау тапсырылды. 

Қабылданған шаралардың тиімділігін арттыру мақсатында Ведомствоаралық комиссия мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың жергілікті жерлерде санитарлық талаптарды сақтау үшін жауапкершілік аймағын бекітті. 

Бизнес субъектілерін қайта жаңғырту бойынша зерттеу актілерін өңірлер, қалалар, аудандар әкімдіктерінің басшылары, аумақтық санитарлық қызметтер, жұртшылық өкілдері және «Атамекен» ҰКП жеке қабылдайтын болады. 

Сонымен қатар, пневмониядан өлім-жітімнің ең жоғары деңгейі тіркелген Павлодар облысы әкімдігінің, сондай-ақ COVID-19-бен ауырудың өсуіне байланысты Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қызметі тыңдалды. 

Ішкі істер министрлігі елімізде 11 мың рейдті жүргізу нәтижесі туралы баяндады, оның қорытындысы бойынша 4 600 санитарлық тәртіп бұзушылық анықталды. Вице-премьер Қостанай, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарының әкімдіктеріне осы бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды. 

Кеңес қорытындысы бойынша Е.Тоғжанов бірқатар нақты тапсырмалар берді.