Вашингтондағы Ресей елшілігінің алдындағы алаңға қастандықтан қаза тапқан ресейлік оппозициялық саясаткер Борис Немцовтың аты берілді. Бұл туралы заң жобасы бекітіліп, күшіне енгенін Борис Немцов қорының төрағасы кіші Владимир Кара-Мурза хабарлады.
Кара-Мурза алаңның ресми түрде ашылу салтанаты 27 ақпан – саясаткердің қаза тапқанына үш жыл толатын күні өтетінін айтты.
Вашингтон қалалық кеңесі қаңтардың басында Немцов алаңы туралы заң жобасын қабылдау тәртібін жеделдетуді қолдап дауыс берген. Мұның алдында заң жобасын кеңестің салалық комитеті қолдаған.
Борис Немцовті 2015 жылы 27 ақпанда Мәскеудің орталығында Кремльге жақын көпір үстінде атып өлтіріп кеткен. Мәскеу билігі саясаткер қаза тапқан жерде ескерткіш тақта орнатуға кедергі келтіріп отыр. Ал қалалық коммуналдық қызмет оқиға орнына тұрғындар орнататын мемориалды үнемі бұзып кетеді.