Батыс Қазақстан облысында полиция қызметкерінің коронавирусқа қарсы екпе салдырғаннан кейін қайтқаны жөнінде жалған хабар таратқан әйел ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат",
БҚО Полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібековтің мәлім еткеніндей, әйелдің полиция қызметкерінің екпенің кесірінен көз жұмғаны жөніндегі аудиожазбасы әлеуметтік желілерде таралып кеткен.
«Полиция қызметкерлері әйелдің кім екендігін анықтады. Ол бейнежазбасында өзінің жалған хабар таратқаны жөніндегі қателігін түсініп, кешірім сұрады. Әйел полиция қызметкерінің неден қайтқанын білмей тұрып, көлікте естіген хабардың анық-қанығына жетпестен, ашу үстінде аудиожазбаны көршісіне жіберген. Көршісінің жолдасы арқылы жалған жайтты одан әрі таратып жіберетінін ойламаған. Яғни қасақана жалған хабар тарату ойы болмағандықтан, қылмыстық іс қозғалмауы мүмкін, бұл мәселе шешілуде. Полиция қызметкері шын мәнісінде жүрек талмасынан қайтыс болған. Сондай-ақ Бөрлі ауданы полиция бөлімі үш қызметкерінің қайтыс болғаны жөніндегі мәлімет те шындыққа сәйкес келмейді. Тұрғындардан анық емес ақпаратты таратпауды сұраймыз. Ол үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған», - деді Белгібеков.
