29 қаң, 2021 сағат 20:48

Вакцина туралы ақпаратты сенімді дереккөзден оқу керек – сарапшы

Вакцина ғана инфекцияны тоқтатып, өлім-жітімді азайта алады. Бұл пікірді ҚР ДСМ Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары Манар Смағұл айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат

«Вакцинация – ең тиімді шаралардың бірі. Тек вакцина өлім-жітім мен инфекцияның таралуын азайта алады. Вакцина арқылы еркіндікке қол жеткіземіз. Бұған дейін де айтқанымдай, шектеулерді азайтуға болады. Бәлкім күзде масканы шешетін шығармыз. Оның үстіне күзде балаларды мектепке қайтару мүмкіндігі де талқыланып жатыр. Онлайн емес, оффлайн кездесулер өткізерімізге үміттенемін», - деді М. Смағұл Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында. 

Оның айтуынша, халықты ашық хабардар ету қажет. Барлық деректер мен ақпаратты сенімді көздерден және құзыретті мамандардан алу керек. 

«Себебі қазір әлеуметтік желіде вакцинацияға қатысы жоқ екі-үш жыл бұрынғы бейнелерді, фотоларды байқаймыз. Тек сенімді ақпаратқа сүйену керек. Ресейлік «Спутник V» вакцинасына келсек, ресейлік әріптестер қызару, температураның жоғарылауы түрінде асқынулар болады дейді, олар бірнеше күннен кейін кетеді. Қорытындылай айтқанда, вакцинаның пайдасы көп, өйткені ол бізді аурудан қорғайды», - дейді Манар Смағұл.