21 сәу, 2023 сағат 11:15

«Вагнер» қатарына қосылған қазақстандық студент мәлімдеме жасады - видео

видеодан алынған кадр

Ресейдің «Вагнер» жеке әскери компаниясының құрамына қосылған қазақстандық студент Марғұлан Бекенов мәлімдеме жасады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ол бейнеүндеуінде ресейлік әскери құрылым қатарына өз еркімен қосылғанын айтады.

«БАҚ беттерінде Томск мемлекеттік университетінің студенті, яғни мені ұрлап кетті деп жатыр. Сірә, бұл мен үшін қатты алаңдап, мазасызданып, кез келген жолмен мен осы жерден алып кеткісі келген анамның әрекетінен шыққан шу болса керек», - дейді жас жігіт.

Ол Ресейдің арнайы әскери операциясына өз үлесін қосқысы келетінін де жасырмады.

«Вагнер» жасағына өз еркіммен қосылдым. Өзімді жақсы сезінемін, ұжым да жақсы, өзімді таптым десем де болады. Маған бұл жер ұнайды. Психикалық және эмоционалдық тұрғыдан жағдайым жақсы. Тағы да қайталап айтамын, мені ешкім ұрлап әкеткен жоқ», - деді Марғұлан.

Бұл видеоны Бекенов өз еркімен жазды ма, әлде қысыммен жазды ма – белгісіз.

Айта кетейік, "Вагнер" – Ресей президенті Путиннің аспазы Евгений Пригожинге тиесілі жеке әскери бөлім. "Вагнерліктер" Сириядағы, Африка елдеріндегі және Украинадағы соғысқа қатысқан. Сарапшылар "Вагнер" тобының көп әрекетін әскери қылмысқа жатқызады. Пригожин өзінің жеке әскери бөліміне Ресей түрмелерінде отырғандарды, Орталық Азиядан келген мигранттарды да тартқан.

Қазір "Вагнер" Украинаның Бахмут қаласындағы ауыр шайқасқа қатысып жатыр. Украинадағы соғыста "Пригожин әскері" көп шығынға ұшырағаны да айтылады.

Естеріңізге сала кетейік, шетелдегі қарулы қақтығыстарға қатысқаны үшін Қазақстанда заң бойынша бес жылдан тоғыз жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.