15 сәу, 2025 сағат 10:28

Ұйғырдың ұлы тұлғасы ұлықталды

Фото: ҚР Жазушылар Одағы

12 сәуірде Құдыс Қожамияров атындағы республикалық мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театрында Қазақстан халқы асамблиясының 30 жылдығы аясында ұйғыр әдебиетінің классигі, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы Зия Сәмәдидың 110 жылдығына орай әдеби-сазды кеш өтті, деп хабарлайды Ult.kz.

Кеште театрдың драма актерлері, «Нава» және «Рухсарә» ән-би ансамьбілдері кәсіби биік дәрежеде өнер көрсетті. «Ғәріп пен Сәнәм» ғашықтық дастаны мен «Маймхан» романының желісі негізінде қойылым көрсетілді, Зия Сәмәдидің Қытай түрмесіндегі, жаза лагеріндегі азапты күндері мен отанын аңсаған сәтін, сол кезеңдегі Шынжаңдағы саяси-әлеуметтік жағдайды да шебер суреттеді.

Фото: ҚР Жазушылар Одағы

Кеш соңында Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов екі халықтың шынайы достығының мызғымайтынын, тарихы мен тағдыры, әдебиеті мен мәдениетінің ұқсастығы, Зия Сәмәдидің жазушылығы мен қайраткерлік қыры, оның тек ұйғыр-қазаққа ғана тән тұлға емес, бүкіл түркі жұртына ортақ қаламгер екендігін баса айтып, жазушының қызы Билқыз Сәмәдидың  иығына камзол жауып, гүл шоғын сыйлады.

Зия Сәмәди Ұйғыр әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, Шынжаң өлкесінде Мәдениет министрі болып, Шынжаң Жазушылар одағын құруға ат салысқан. 1961 жылы тарихи отанына оралып, өмірінің соңына дейін әдебиетке қымет еткен қайсар жазушы.