03 ақп, 2025 сағат 16:10

"Ұстаздарым менің": Мұхтар Әуезов туралы естелік

Фото: abaialemi.kz

Бұл есімді естігеннің өзінде жүрегім елжіреп, өзгеше күйге түсемін. Мұхтар Әуезов бізге абайтанудан дәріс оқыды. Алғашқы сәт... Кең дәрісханада студенттер толып отыр. Адам әлі толастар емес. Факультет студенттері түгел жиналғандай. Сұрастыра келсек, басқа оқу орындарынан да келген жандар бар сияқты. Бір кезде есікті айқара ашып, төртбақтау келген толық денелі қара торы кісі «Сәлеметсіздер ме?» деп кіріп келді. Бәріміз жапа-тармағай тік тұрып қарсы алдық. Жайлап қана ырза көңілмен «Отырыңыздар» деді. Бас кескіні мүлде бөлектеу, ешкімге ұқсамайтын жан екен. Бала көңілмен жарқыраған маңдайына көзім түсе берді. Ол кісі сәл ғана жымиып алды да «ыһа, ыһалап!» тұрып, Абай дана туралы толғай бастады. Үні мейлінше жағымды, қоңырқай екен. Тоқтаусыз, толассыз, соншама әсерлі сөйлейтін кісіні тұңғыш рет көруім. Үнсіз құлақ қоюдамын. Байқаймын менен басқалар да үздіге тыңдап отыр. Ұлы Абайдың өмірі, өлеңдері туралы мектеп қабырғасында да оқығанбыз. Оның бәрінің атүсті өткен сабақтар сияқты болғандығынан ба, немесе өзіміздің ықтияттап назар сала алмағандығымыздан ба, Абайдың мұншалықты ғажайып тұлға екенін енді ғана біле бастадық. Абай өлеңдерін жатқа айтатын адамға таңғала отырып, ондағы мағына арқалап тұрған әрбір сөзді, сөз үйірлерін талдап түсіндіруіне тәнті болатынбыз.

Мұхаңды алғаш көрген күннен бастап, біз ол кісінің дәрістерінен қалмауға тырыстық. Ол кісінің кескін-кейпінде, үнінде, сөз сөйлеу мақамында адамды арбап алар қасиет барын біртіндеп біле бастадық. Әрбір дәрісі өткен сайын өзі төгілдіріп, тамсана сөз ететін ұлы Абай бейнесін танып, көзіміз ашылғандай болатын. Тіпті кейде Мұхаңды Абайдың өзімен салғастырып, ол кісі кіріп келгенде Абайдың өзі енгендей әсерленетінбіз. Ұлы ақын өлеңдерін соншама беріліп, төгілдіре жатқа айтқанда, ол шумақтар оның өз жүрегінен, өз кеудесінен шығып жаткан дүниедей көрінетін. Тек бұл өлеңдер өмірдің қандай сәтінде, нені меңзеп жазылғанын таратып талдай бастағанда Абайдың алып тұлғасы кескінделіп шыға бастайтын.

Кейде жеке өлеңдердің мәнін, мағынасын талдай келе, оны Пушкин, Лермонтов, Бунин туындыларымен байланыстырып, тіпті ой ағымымен әлемдік әдебиет тарландарын шарлап, шығандап шығып та кететін. Соның бәрінен де бірінен-бірі туындап жататын үздіксіз даналық ойлар жалғасын сезініп отыратынбыз. Біз Мұхаңның дәрістері арқылы Абайды ғана танып қойғанымыз жоқ, бүкіл әлемдік әдебиет пен мәдениетке жол ашқандай едік. Бала кезімізде кемел қарияларды көп көріп ем. Солардың «көзің ашылсын, қарағым!» дейтін батасын көп еститінмін. Шамасы елдің көзін ашу дегеніміз осындай-ақ болар. М. Әуезов дәрістерін тыңдай-тыңдай бүкіл қазақ баласының көзі ашылды деп айтуға болар.

Мұхаң шешен сөйлейтін. Шешендігі ділмәрліктен емес, алуан түрлі деректерді қазақтың кестелі сөздерімен көмкеріп отыруынан байқалатын. Ол кісі сөйлеп тұрғанда шыбынның ызыңы ғана білінетін. Сөзін бөлуге болмайтын. Бір жолы Мұхаңның қатты кейіген түрін көріп шошынғаным бар. Төгіліп дәріс оқып тұрған бір тұста арт жақта отырған студенттер ортасынан оқыс күлкіні құлағы шалып қалған ұстаз сөзін кілт үзіп біртүрлі тотығып, тоқтап қалды. Анықтап қарасам өзінің «Абай жолы» эпопеясындағы Құнанбай, Абай, Оразбайлардың бейнесін суреттегенде үнемі қолданатын «қанын ішіне тартып сұрланып» дейтін сөз орамындағыдай түтігіп, тотығып кеткен екен. Әлгі бір-біріне қалжың айтып, оқыс күлген қыз бен жігітке түтіге қарап: «Қарағым, қандай мамандықты таңдап келгеніңді білемісің. Қазақтың жүрегімен, өзімен тікелей байланысты дүние ғой оның тілі мен әдебиеті. Соның бүге-шүгесін түгел бойға дарытатын үлкен білім ордасы – Қазақтың университетіне келіп отырсыңдар. Мұсылман баласы мешітке игі ниетпен, иманды жүрекпен, таза оймен арылып шығардай енетін болса, филология факультетінің студенттері де осынау дәрісханаға сондай оймен, сеніммен келуі тиіс. Бұл жерге адам ілім іздеп келеді, баска қылыққа орын жок. Біраз толғанып тұрды да, үзіліп қалған дәрісті ары карай жалғастырып әкетті. Содан кейін Мұхаң сөйлеп тұрғанда бір де біріміз бөтен қылық көрсетпейтін болдық.

Есейіп, егделенген сайын әрбір іс, тірлікті бастар алдында ұлы ұстаз бейнесі үнемі көз алдымда тұрады. Ол ұстаздығын мәңгілікке қалдырғандай.

Өмірзақ Айтбайұлының "Тілғұмырлар" кітабынан