27 жел, 2019 сағат 18:15

Ұшақ апаты: Қаза болғандардың туыстары тегін ұшады

28 желтоқсан күні Air Astana әуе компаниясы Алматы мен Нұр-Сұлтан арасында қосымша рейстер енгізеді. Бұл туралы «Нұрсұлтан Назарбаев» халықаралық әуежайының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«2019 жылдың 28 желтоқсанында «Air Astana» әуе компаниясы «Алматы - Нұр-Сұлтан - Алматы» және «Нұр-Сұлтан – Алматы – Нұр-Сұлтан» бағыттары бойынша қосымша рейстер енгізеді. Нұр-Сұлтаннан ұшу уақыты – таңғы 05:00, Алматыдан ұшу уақыты – таңғы 07:00», - делінген хабарламада.

Bek Аir әуе компаниясы ұшағының апатында мерт болғандардың туыстары тегін тасымалданады.

Айта кетейік, бүгін таңертең Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына ұшып шыққан ұшақ радардан жоғалып кетті.

Кейін 95 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі бар ұшақтың апатқа ұшырағаны мәлім болды. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін ұшақ құлаған аумаққа арнайы комиссия ұшып шықты.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұшақ апатына кінәлілер заңға сәйкес қатаң жазаланатынын мәлімдеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауына байланысты көңіл айтты.

ҚР ДСМ ұшақ апатынан зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету үшін ресурстар жеткілікті екенін, қан тапсырудың қажеті жоқ екенін мәлімдеді.