10 мам, 2024 сағат 15:47

«Үш адам куә ретінде растауы керек»: су тасқынынан қырылған мал үшін өтемақыны қалай алуға болады

Фото:ТЖМ

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров су тасқынынан қырылған мал үшін өтемақы беру тәртібі қандай болатынын айтып берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.


Алгоритм бар

 – Тиісті штаб құрылған. Ол жақта тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Әр өңірде штабта ветеринарлар бар. Су тасқынынан 138 800 бас малды аман алып қалдық. Бұл өте үлкен жұмыс. Халық ветеринарлармен, Төтенше жағдай министрлігімен күш біріктіріп, сонша малды аман алып қалды. Өлген малдың саны 9761 бас. Өлген малдың 98 пайызына утилизация жасадық, – дейді Сапаров Үкіметтегі брифинг барысында.


Өтеу жағын айтқан министр тиісті алгоритм құрылғанын атап өтеді.


– Ережеге де кіргізіп жатырмыз. Малының бары туралы қағаз-құжаттары барларға шығын бюджеттен төленеді. Ал қағаз-құжаты жоқ, тіркеуде болмаған мал үшін қаражат қор, демеушілер арқылы беріледі. 4801 бас үшін төленіп болды. 1,19 мдрд теңге төленді, – дейді Сапаров.


Алгоритмге сәйкес, иесінің расында да малы болғанын үш куәгер растауы керек. Яғни, көршісі, учаскелік полицей растауы тиіс. 

Қазақстандағы су тасқыны

Еске сала кетейік, биыл бірнеше өңірді су тасып, ондаған ауданда төтенше жағдай жарияланды. Су тасқыны ең үлкен қауіп туғызып отырған өңірлер қатарында Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары бар. Ресейдің Ор қаласында дамбының жарылуы қосымша қиындық туғызған. Құлсары қаласында ең күрделі жағдай тіркеліп, адам шығыны тіркелді.
Премьер-министр, штаб жетекшісі осы ретте Олжас Бектенов жауаптыларға бірқатар тапсырма берген.