26 жел, 2023 сағат 14:53

Үш адам қаза болған автобус апаты: министр пікір білдірді

Фото: Тengrinews.kz

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Алматыда автобус жүргізушісін соққыға жығып, апат салдарынан үш адам қаза тапқан қайғылы оқиға туралы айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты.

Үкімет отырысында журналистер Светлана Жақыповадан автобус жүргізушілерінің қауіпсіздігі үшін қандай шаралар қолдану керек екенін сұрады.

"Әрине, бұл - үлкен трагедия, екі бала анасыз қалды (қайтыс болған жаяу жүргінші туралы – еск.). Жұмыс орнын ұйымдастырудың тәсілдері бойынша жұмыс беруші жұмыс аймағын қамтамасыз етіп, жүргізушіні жолаушылардан оқшаулу керек. Бұл ең бірінші, қажетті нәрсе", - деді министр Үкімет брифингінде журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып.

Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы автобус апатынан үш адам мерт болғаны хабарланған еді.

Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, 22 желтоқсанда сағат 18:15-те №47-бағыттағы қоғамдық көліктің (жеке тасымалдаушы – «ДуманТрансКом» ЖШС) ішінде жолаушы жанжал шығарып, жүргізуші әйелді ұрған, салдарынан ол есінен танып, көлікті басқара алмай қалған.

Ер адамға қатысты екі қылмыстық бап бойынша іс тіркелді.