24 там, 2025 сағат 12:34

Үржардағы жол апаты: зардап шеккен балалардың бірі санавиация арқылы Семейге жеткізілді

Фото: ҚР ДСМ

Абай облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, зардап шеккен қыз бала медициналық авиация арқылы аудандық ауруханадан Семей медицина университеті госпиталінің балалар бөлімшесіне жеткізілген, деп хабарлайды Ult.kz.

«Жарақатының ауырлығына және тасымалдау кезінде өміріне қауіп төндіру ықтималдығына байланысты бірден облыс орталығына жеткізу мүмкін болмады. Үнемі бақылау мен тексерулерден кейін жағдайы әуекөлігімен тасымалдауға жарамды деп танылып, Семейге жеткізу туралы шешім қабылданды.
Семей медицина университеті госпиталінің дәрігерлері, атап айтқанда, госпиталь директорының педиатрия жөніндегі орынбасары, Абай облысының штаттан тыс бас анестезиологы Дулат Каримов және балалар травматологиясы бөлімінің меңгерушісі, облыстың штаттан тыс бас нейрохирургі Жасұлан Асетов алғашқы күннен бастап Үржар аудандық ауруханасында көмек көрсетіп, баланы облыс орталығына жеткізді», – делінген хабарламада.


Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері қазіргі уақытта университет госпиталінде заманауи құрылғылардың көмегімен зардап шеккен баланың жағдайы жан-жақты тексеріліп, тиісті емдеу шаралары жүргізіліп жатқанын айтты.

Ол анестезия, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінде ем қабылдап жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, Абай облысы Үржар ауданының Бестерек ауылында ауыр жол апаты болып, үй маңында ойнап жүрген балаларды 55 жастағы «Toyota» автокөлігінің жүргізушісі қағып кеткен

Салдарынан кәмелетке толмаған екі бала оқиға орнында көз жұмса, біреуі ауруханаға бара жатқан жолда қаза болған. Олардың жасы 2-7 жас аралығында. Ал жарақат алған тағы үш бала ауруханаға жеткізілген. Олардың жасы  6-9 жас аралығында. Зардап шеккендер екі отбасының балалары.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Денсаулық сақтау министрлігі жағдайды ерекше бақылауда ұстап отыр.