11 қар, 2022 сағат 07:15

«Ұрылған кезде есіктен ұшып кеткен» - Автобус апатында мерт болған азаматтың анасы


Алматыда автобустардың соқтығысуынан қаза тапқан Мұхит Исахановты туыстары бүгін жер қойнына тапсырды. Марқұмның жақындары 37 жастағы жігіт апат болған сәтте 98-ші бағыттағы автобустың ішінде болғанын айтады, - деп хабарлайды Massaget.kz порталы КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Туыстарының айтуынша, City bus тасымалдаушы компаниясында тағылымдамадан өтіп жүрген Мұхит қоғамдық көліктің бағытымен танысу мақсатында жүргізушінің жанында тұрған. Қос автобус соқтығысқанда марқұм автобустың салонынан сыртқа қарай құлап, оны қоғамдық көлік жаншып өткен. 

"Баламның өлгеніне сенген жоқпын. Тергеуші хабарлап айтты. Қайта-қайта сұрадым. Мамандығы жүргізуші ғой. Артында екі баласы, келінім қалды. Оңай емес", - дейді Исахановтың анасы Қарлығаш Исаханова.

Марқұмның жақындары да Мұхит қайғылы оқиға болған күні 98-ші автобустың бағытымен танысу мақсатында "жүргізушінің жанында тұрған" дейді. Қос қоғамдық көлік соқтығысқан сәтте 98-ші автобустың есік-терезесінен үш адамның сыртқа қарай бірнеше метрге ұшып түскенін бейнебақылау камерасынан байқауға болады. Сол кезде жерге оңбай құлаған Мұхитты салмағы ондаған тонна 201-ші автобус басып өткен.

"Абылайхан көшесімен көтерілген 98-ші автобустың ішінде болды. Алдыңғы жағында жүргізушінің қасында тұрған. Автобустар соғылғанда есіктен ұшып кеткен. Несие төлеймін, тіршілік жасаймын деп барды ғой", - дейді Исахановтың апасы Мөлдір Исаханова.

Ал тасымалдаушы компания Мұхиттың өндірістік тәжірибеден өткенін растады. Алайда апат болған күні ол автобус паркіне келмеген.  

"Сол күні тағылымдамадан өтуші ретінде тіркелген Мұхит автобус паркіне келмеді. 8 қарашада ол № 98 автобус бағыты бойынша жолдама құжаттарын алу үшін Алматы ONAY көлік холдингіне кеткен", - дейді "City Bus" ЖШС.

Жол апатын жан жақты зерттеп жатқан полиция нақты кімнің күдікке ілінгенін әлі айтқан жоқ. Тергеу әлі жалғасып жатыр.

Еске салайық, Алматыда екі жолаушылар автобусы соқтығысып, бір адам қаза болып, 15 адам жарақат алған болатын.