Алматы полициясы ұрланған телефондарды шетел асырып отырған қылмыстық топты әшкереледі, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Арнайы операция екі жақта жасалды. Полиция «Алматы-Бішкек» тас жолының 62-шақырымында, қаладан шыға берісте «Mersedes S500» көлігін тоқтатқан. 32 жастағы Қырғызстан азаматын тінту кезінде полиэтилен пакетке салынған 38 мобильді телефон табылды.
«Мәміле «Алматы-Бішкек» тас жолында болған. «Мегатау» сауда орнында сатушы болып жұмыс істейтін 24 жастағы бойжеткен телефондарды «әріптесіне» бірнеше минут бұрын табыстаған болып шықты. Әйелдің өзі Алматыда үйіне қайтып келе жатқанда ұсталды. Барлық телефон бұрын қолданыста болған гаджеттер. Олардың бәрінде қорап болмаған. Құжаттары жоқ. Ол бұл телефондарды көк базардағы сатушы әйелден 4 мың АҚШ долларына сатып алғанын айтқан. Ұсталған жігіт телефондарды Бішкекте сатып жібергісі келген. Ұсталған кезде келіншек те өзінің ескі телефондарды сатқанын мойындады», - деді қалалық ПД басқарма басшысы Есен Ысқақов.
Полицияның пайымдауынша, қылмыстық синдикаттың схемасы қарапайым болған.
«Әйел ұрланған телефондарды сатып алып отырған. Сосын бұл гаджеттер жоғары бағада Қырғызстанға сатылып отырған», - деді ол.
Қазір аталған дерекке байланысты ҚР ҚК 196-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр.
24 жастағы әйелдің ұрланған телефондарды кімнен сатып алып отырғаны да анықталды. Алдағы уақытта ғимарат ішінде ұрланған заттың сатылуына рұқсат берген сауда үйінің администраторының әрекетіне құқықтық баға берілетін болады.
«Сонымен қатар, ұрланған заттардың шынайы иелері іздестіріліп жатыр. Бұл заттардың ішінен екі заттың иесі табылды. Олардың бірі - балалы әйел болса, екіншісі ЖОО студенті өз затын таныды», - деді полицияның баспасөз қызметінен.