Универсиада арқасында мегаполистің Алатау ауданы ары қарай дамуға мүмкіндік алып отыр. 8 жыл ішінде осы ауданға құйылған инвестиция көлемі 32 есеге артқан. Осыған дейін қаланың шырайсыз шеті саналып келген Алатау ауданы бүгіндері қала қонақтары мен тұрғындарын өзіне тартып отырған жаңа орталыққа айналып отыр. Осында Универсиада бас нысандары - «Алматы Арена» және Атлеттер ауылы орналасқан. «Алматы Аренаға» қолсозым жерде 15,6 мың пәтерлік шағын аудан, соның ішінде, «Ескі үйлер» бағдарламасы бойынша 9 қабатты екі үй бой көтерген. Алдағы 3 жылда тағы 16 мың пәтерден тұратын 279 үй салынбақ.
Қысқы ойындар өткізілген соң, толыққанды әлеуметтік инфрақұрылымы бар Атлеттер ауылы 1,7 мыңнан аса отбасы үшін жайлы баспанаға айналады. Атлеттер ауылының 1748 пәтері ары қарай сатып алу мүмкіндігімен жалдауға беріледі, осылайша алғашқы 8 жыл ішінде 15,5 млрд теңге мөлшерінде инвестициялардың 40%-ы қайтарылмақ. Бұл Алматыдағы баспанаға кезекті 10%-ға азайтуы тиіс.
Жаңа тұрғын үй кешенінде емхана, супермаркет, банк бөлімшелері мен почта, полиция бекеті қызмет жасайтын болады.
Универсиада нысандары айналасында жаңа мәдени орталық қалыптасуда. Қаламыздың мәдени және сәулеттік көрнекті орындарының біріне айналатын 7000 адамды сыйдыра алатын мешіт салынады деп жоспарланып отыр. Болашақ тұрғындар мен қала қонақтары үшін қазақ тағамдарын дайындайтын мейрамхана, ұлттық аспаптар мультимедиалық мұражайы, «Алатау» дәстүрлі өнер театры, қолөнершілердің кәдесыйларын сату орталығы өз жұмыстарын жалғастырады. Атлеттер ауылында 100-ге жуық қолөнер шеберіне арнап орталық құрылады. Ойындар аяқталған соң, Алатау ауданының кәсіпорындары заманауи жайлы кеңселерге жайғасуға мүмкіндік алады. Кеңселерді жалдау құны қала ішіндегі бағадан 2 есеге арзанырақ болмақ.
"Ұлт ақпарат"