Үндістанда әл-Фарабидің 1150 жылдығы аталып өтілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
17 ақпанда Қазақстанның Үндістандағы Елшілігінің қолдауымен Нью-Делиде Дж. Неру атындағы университетте Шығыстың көрнекті ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150-жылдығына арналған дөңгелек үстел өтті.
Қазақстанның Үндістандағы Елшісі Ерлан Әлімбаев өз сөзінде әл-Фарабидің мерейтойы UNESCO-ның атаулы күндер мен оқиғалар күнтізбесіне енгізілгенін және оны Делиде мерекелеу ұлы ғалымның Дүниежүзілік мұрасын зерттеуге және зерделеуге қуатты серпін беретінін атап өтті.
Іс-шараға қатысқан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің делегациясы қатысушыларды ғалымның өмірі мен еңбектерімен таныстырды.
Дөңгелек үстелде сөз сөйлеген жергілікті академиялық орта өкілдері мен Үндістанның ғылыми орталықтары мен институттарының басшылары Әбу Насыр әл-Фарабидің мұрасының маңыздылығын атап өтіп, осындай оқиғалардың екі елдің мәдениетін жақындастыру үшін маңызды екенін жеткізді.
Бұл іс-шара әл-Фарабидің 1150-жылдығына арналған Үндістандағы мерекелердің бастауы болды.