02 мау, 2022 сағат 17:04

Үндістанда Абай ескерткіші ашылды


Нью-Делидегі (Үндістан) Сан Мартин скверінде Абай Құнанбайұлы бюстінің салтанатты ашылу рәсімі өтті, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Сауда және интеграция министрлігі баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шараға Қазақстан премьер-министрінің орынбасары - сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, Үндістанның сыртқы істер және мәдениет мемлекеттік министрі Минакши Лекхи, сондай-ақ дипломатиялық корпус өкілдері қатысқан.

"Абай - ұлы ақын ғана емес, кемеңгер ойшыл, әйгілі ағартушы. Ол жұртты ғылым игеруге, білімдар болуға үндеді. Жаңашылдық пен жасампаздықты дәріптеді. Абай мұрасы - біздің елімізге ғана емес, барша адамзатқа ортақ құндылық", - деді Сұлтанов.

Ол Махатма Гандидің туған жеріне қазақ ағартушысының бюстін орнату терең символдық мәнге ие екенін атап өтті. Абай мен Ганди идеялары бір-бірімен тығыз байланысты.


Бақыт Сұлтанов Абай бюстінің орнатылуы екі ел арасындағы рухани ынтымақтастықты одан әрі нығайта түсетінін де айтты. Сондай-ақ, тараптар білім, ғылым және мәдениет саласындағы ынтымақтастықты дамытуды жалғастырады.

Айта кетейік, Нью-Дели қаласында Абай бюстінің ашылуына арналған салтанатты іс-шара Қазақстан Республикасы мен Үндістан Республикасы арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, өнеркәсіптік және мәдени ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның 14-отырысына қатысу үшін Қазақстан Республикасы делегациясының Үндістанға сапары шеңберінде өтті.