Үндістанның Уттар-Прадеш штатында 90-ға жуық адам Зика вирусын жұқтырған, деп хабарлайды ҚазАқпарат Economic Times-ке сілтеме жасап.
Жергілікті денсаулық сақтау департаментінің дерегіне қарағанда, аурудың көп бөлігі Канпур қаласында тіркелген.
Дүйсенбідегі жағдай бойынша кем дегенде 89 адам, оның ішінде 17 бала Зика вирусына оң нәтиже берді, деп хабарлады департамент. Бірінші жағдай 23 қазанда анықталды, содан бері дерт жұқтырғандар саны тұрақты түрде өсіп келеді.
Зика – әсіресе балалар, қарт адамдар, созылмалы ауруға шалдыққандар, сондай-ақ аяғы ауыр әйелдер үшін қауіпті. Ауруды шыбын-шіркей таратады. Үндістанда жаңбырлы маусым аяқталып келеді, бұл кезде бұл жәндіктердің саны күрт артады.
