16 ақп, 2025 сағат 13:00

Ұлын "Абай" деп атаған ата-аналар 180 мың теңге ұтып ала алады

Фото: Vk.com

10 тамыз 2025 жылы ұл баласы дүниеге келген қазақстандықтар ақшалай сыйақы алу мүмкіндігіне ие болады, деп хабарлайды Ult.kz.

180 мың теңгені алу үшін бір ғана шарт бар – баланы Абай деп атау керек.

Төлемдерді Assyltas қоры жасайды, ал акцияның шарттарын өз Instagram парақшасында кәсіпкер Дулат Тастекей жариялады.

Оның айтуынша, бұл бастама ұлы қазақ ақыны және ойшылы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылып отыр.

Еске салсақ бұған дейін журналист Нұрсейіт Жылқышыбай кәсіпкер Дулат Тастекейдің бастама қолдап, тұрғандарға басқаша ұсыныс жасады. Ол баласының атын Құнанбай деп қойған он адамға «Аламан» компаниясының атынан 3 млн теңге, яғни әр адамға 300 мың теңгеден бөлетінін жариялады.

"Қазақта Абай деген ат аз емес. Ал Құнанбай ше? Алда бір жазғанымдай Құнанбай, Дөнентай, Тұрсын сынды қазір қазақы аттар қойылмай кетті. Есесіне арабша аттар қаптады. Бұл бір. Екіншіден Абайдың Абай болуына ықпал еткен әкесі. Емендей берік, бәйтеректей зор Құананбай! Қарадан шығып хан болған. Әділдікті қақ жарған шешен әрі балуан болған тұлға!" -деп айтты Н. Жылқышыбай. 


Журналистің шарты: ұлының атын Құнанбай деп қойған он адамға «Аламан» компаниясының атынан 3 млн теңге бөлінеді. Яғни  баласының атын Құнанбай деп қойса 300 мың теңгені бірден ата-анасының шотына аудармақ.

Ол үшін баласының атын Құнанбай деп қойғанын дәлелдейтін туу туралы куәлікті Н. Жылқышыбай көрсеткен WhatsApp номеріне жіберу керек. Бұл шара 1 наурыздан басталады.   

Оқи отырыңыз: "Ұлыңыздың атын Құнанбай деп қойсаңыз 300 мың теңге берем" -Журналист ерекше ұсыныс жасады