20 жел, 2020 сағат 09:05

Ұлыбританияда Рождество қарсаңында карантин күшейтілді

Ұлыбританияның премьер-министрі Борис Джонсон Лондонда және елдің өзге де өңірлерінде коронавируспен күрес бойынша шараларының күшейтілгенін жария етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Британ үкіметінің басшысы осы аптада анықталған және тез тарап жатқан COVID-19 вирусының жаңа мутациясына биліктің алаңдаулы екенін атап өтті. 

Лондонның барлық бөлігі мен Англияның оңтүстігі мен шығысындағы көптеген аудан енді эпидемиологиялық жағдайдың жаңа «төртінші деңгейіне» енеді.

20 желтоқсаннан бастап Ұлыбританияның аталған аудандарының тұрғындары үшін Рождествоны қоса әлеуметтік байланысқа шектеу қойылады. Азық-түліктік емес тауарлар сататын, жабық мәдени мекемелердің, сұлулық салондарының және басқа да мекемелердің жұмысы тоқтатылады.

«Біз Рождествоны бұрын жоспарлағандай тойлай алмаймыз. Англияда «төртінші деңгей» аумағында тұратындар Рождествода отбасынан басқа адамдармен қатынасқа түспеуі тиіс», - деді Б.Джонсон баспасөз мәслихатында.

«Мен бұл көптеген адамдардың көңілін қалдыратынын білемін, бірақ пандемия кезінде біз ғылымды басшылыққа алуымыз керек және солай етеміз деп айттық. Медициналық деректер өзгерген кезде біз қорғаныс шараларын қолдануымыз қажет», - деп түсіндірді ол.

Ұлыбританияда коронавирус жұқтырудың орташа апталық деңгейі екі аптада 66 пайызға өсті, ал Лондонда соңғы аптада екі есе өсті.

Сонымен қатар, 31 желтоқсанда Жаңа жыл қарсаңында карантиндік шектеулерді жеңілдету жоспарланбаған.