02 нау, 2022 сағат 13:40

Ұлыбритания елшісі Сыртқы істер министрлігіне шақыртылды


Ұлыбритания парламентінде Қазақстанға санкция салу ұсынысы айтылғаннан кейін осы мемлекеттің Қазақстандағы елшісі Сыртқы істер министрлігіне шақыртылған. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Мәжілісте тілшілер оған Қазақстанға қатысты санкциялар туралы сұрақ қойды. 

«Ұлыбританияның парламентінде бір депутат сондай мәлімдеме жасаған. Біз Ресей мен Украина арасындағы қарама-қайшылықтарға тікелей қатысып отырған тарап емеспіз. Сондықтан аталған уәж бізге түсініксіз. Біз бүгін Ұлыбританияның елшісін Сыртқы істер министрлігіне шақырдық. Осы орайда ол бізге толық түсіндірме беруі тиіс», - деді Шахрат Нұрышев.

Осы орайда ол Қазақстан жағы барлық мемлекетпен түсіндірме жұмысын жүргізіп жатқанын атап өтті.

«Сыртқы істер министрлігі өткізетін іс-шараларды қадағаласаңыз, министр шетелге белсенді түрде шығатынын байқайсыздар. Түрлі алаңдарда - БҰҰ-да, адам құқықтары жөніндегі кеңесте сөз сөйлейді. Еліміздің жағдайы туралы толық ақпарат беріп отырғанымызды көріп отырсыздар», - деді Нұрышев.

Айта кетейік, 1 наурызда Ұлыбритания парламентінің мүшесі Маргарет Ходж Ұлыбритания СІМ басшысынан "Путинді қолдайтын" Қазақстан мен Әзербайжанға қарсы санкциялар қарастырылып жатыр ма деп сұрады.

Сейсенбі күні оның мәлімдемесіне жауап берген Ұлыбритания сыртқы істер министрі Элизабет Трасс Нұр-Сұлтан мен Бакуға санкция салу мәселесін қарастырып жатқанын, дегенмен қазір Лондон негізінен Ресей мен Беларусьтің Украинаға агрессиясына төтеп беруге көбірек ден қойып жатқанын айтқан.