Фото: Ult.kz
Алматыда Қазақ руханиятының шежіресін объектив арқылы өрнектеген белгілі фотограф Азамат Құсайыновтың «Ұлттық рух және бір сәт» атты жеке шығармашылық көрмесі өтті, деп хабарлайды Ult.kz.
Бұл көрме – бір адамның ғана емес,
тұтас бір дәуірдің, қазақ қоғамының тарихи сәттерін, мәдени болмысын, тіл мен
ұлт рухының тынысын бейнелейтін көркем хроника.
Фото: Ult.kz
Көрмеге тарихи оқиғалар, ұлт тұлғаларының бейнесі, руханият, әдебиет, өнер тақырыптарына арналған фотожинақтар, ауыл өмірі мен ұлттық дәстүрлердің фотошежіресі қойылды.
Фото: Азамат Құсайыновтың жеке архивінен
«Көрмеге қойылған әрбір сурет – менің өмірімнің, жұмысымның бір бөлшегі. Әрбір фотосурет мен үшін бір-бір әңгіме, ол өмірдің түрлі сәттерін, адамдардың сезімдері мен рухын capture ету арқылы қазақ халқының бай мәдениеті мен тарихын көрерменге жеткізуге тырысамын. Бүгінгі көрмемде мен әртүрлі жанрдағы жұмыстарымды ұсынып отырмын. Бұл суреттер арқылы ұлттың рухани дамуы, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, қазақ тілінің өркендеуі, халықтың әрқилы көңіл-күйі мен күнделікті өмірі жайлы айтамын. Ал фотосуреттердегі әрбір сәт өз тарихымен, эмоциясымен ерекше. Өмірдің мәнін дәл сол сәттерде көре аласың және мен өз жұмысымда дәл осы сәттерді айқындап, көрерменге ұсынуға тырыстым», – деді Азамат Құсайынов.
Фотограф Азамсат Құсайыновтың көрмеге қойылған суреттерінің жинағын ұсынамыз.
Азамат Құсайынов – он жылдан астам уақыт бойы ұлттық баспасөзде еңбек етіп келе жатқан фототілші. Оның объективінен түскен суреттер – талай көрмелер мен басылым беттерінің көркіне айналған, архивтік құндылығы зор туындылар. Көрмеге келушілер фотосурет арқылы елдік болмысты жаңа қырынан танып, фотожурналистиканың құдіретін сезіне алады.
Ақбота Мұсабекқызы
