02 қаз, 2025 сағат 10:00

Ұлттық публицистикаға қосылған қос қазына

Фото: Ult.kz


Қазақ публицистикасы – халық жадын сақтайтын айна, ұлттық рухты көтеретін күш, замана үнін жеткізетін сенімді құрал. Уақыт өткен сайын бұл салаға қойылар талап та, ізденіс те арта түсті. Осындай бір рухани серпінге толы сәт әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультетінде өтті, деп хабарлайды Ult.kz тілшісі.

 

Шерағаң – сөз өнерінің шыңындағы тұлға

 

Шерхан Мұртаза атындағы аудиторияда қазақ көсемсөзінің ғылыми өрісін кеңейткен қос еңбек таныстырылды. Оның бірі – профессор, филология ғылымының докторы Римма Жақсылықбаеваның «Көсемсөз кемеңгері: Шерхан Мұртаза» атты екі томдық монографиясы болса, екіншісі – жас ғалым, ҚазҰУ түлегі Бағдат Сұлтанқызының «Публицистің шығармашылық зертханасы: дарын табиғаты, жазу машығы» атты зерттеу еңбегі.


Фото: Ult.kz

 

Шерхан Мұртаза – қазақ руханиятының биік шыңына көтерілген дара тұлға. Ол журналистикаға елдік мүддені қорғаудың, әділеттілік үшін күрестің мінберін жасап берді. «Халық Шерханынсыз күнін елестете алмайды» деу – бекер сөз емес.


Римма Жақсылықбаеваның екі томдық еңбегі – осы ұлы тұлғаның көсемсөздік мұрасын ғылыми тұрғыдан кешенді талдаған тұңғыш көлемді зерттеу. Ғалым еңбегінде Шерағаңның әр кезеңдегі шығармашылық жолын зерделеп, публицистикасының ерекшеліктерін айқындайды.



Фото: Ult.kz


Әсіресе, «Қызыл жебе» романындағы халықтық рух, «Ай мен Айшадағы» ананың мейірімі мен елдің тағдыры публицистикалық арқау ретінде талдануы – еңбектің құндылығын арттыра түседі. Бұл тек әдеби талдау емес, қоғамның өткенін бүгінмен сабақтастырып, болашаққа ой салатын ғылыми пайым.


Тұсаукесерде сөз алған ҚР ҰҒА академигі, профессор Бауыржан Жақып:– «Шерхан Мұртаза – халықтың шырақшысы. Оның публицистикасын зерттеу – ұлт санасына сәуле түсіру. Бұл монография – болашақтағы «Шерхантану» ғылымының берік іргетасы болмақ», – деп бағасын берді.

 

Ұлт рухын көтерген тұлғалар

 

Жиында таныстырылған екінші еңбек – жас ғалым Бағдат Сұлтанқызының зерттеуі. Бұл – әдебиет пен көсемсөздің қос алыбы, Оралхан Бөкей мен Мұхтар Мағауиннің шығармашылық зертханасына арналған.


Оралхан Бөкейдің мөлдір прозасы мен қайсар публицистикасын, Мұхтар Мағауиннің тарихи сананы оятқан публицистикасын ғылыми тұрғыдан талдаған еңбек – көсемсөзді қаламгерлік «ас үйімен» байланыстыра зерттеудің алғашқы қадамдарының бірі.



Фото: Ult.kz


Зерттеуші қаламгерлердің жазу машығын, ойлау жүйесін, стильдік ерекшеліктерін саралай отырып, олардың шығармашылық эволюциясына тоқталады. Оралханның табиғатпен біте қайнасқан поэтикалық тілі мен Мұхтардың тарихты көркемдікпен қайта түлеткен публицистикасын салыстыра отырып, жас ғалым тың тұжырымдар жасайды.


Бұл еңбектің бір артықшылығы – архивтік материалдар мен сирек деректерге сүйенуі. Осы арқылы Бағдат Сұлтанқызы әдебиет пен публицистика арасындағы өзара ықпалдастықты жаңа қырынан ашып көрсетеді.

Көсемсөз – жай ғана ақпарат құралы емес. Ол – халықтың жан дауысы, замана шындығының көрінісі, ұрпаққа қалдырылған аманат. Қазақ публицистикасында Шерхан Мұртаза сияқты алыптар мен Оралхан, Мұхтар сынды тұлғалардың шығармашылығын терең зерттеу – ұлттық сананың жаңа қырларын ашуға жол ашады.

Қос еңбек – осы бағыттағы маңызды қадам. Бірі – Шерхан мұрасын тереңнен танытса, екіншісі – Оралхан мен Мұхтардың публицистикасын жаңа көзқараспен пайымдайды.


Бұл еңбектердің тағылымы – жас зерттеушілерге үлгі, болашақ журналистерге мектеп, ал жалпы оқырман қауымға ой салатын құнды дүние. ҚазҰУ қабырғасында жарық көрген қос ғылыми еңбек – қазақ публицистикасының ғылыми кеңістігін кеңейткен жаңа белес. Олар тек ғылыми қауымға ғана емес, ұлттық ойға жанашыр кез келген оқырманға арналды.


Ұлттық публицистика – халықтың рухани айнасы. Сол айнаға жаңа сәуле құйған бұл еңбектер – бүгінгі күннің ғана емес, келер ұрпақтың да олжасы.


Ақбота Мұсабекқызы