02 сәу, 2025 сағат 11:03

«Ұлттық құндылық. Қазақ этнографиясы. Зейнолла Сәнік – 90 жыл» атты республикалық экспедиция бастау алды

Фото: Abai.kz

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен «Ұлттық құндылық. Қазақ этнографиясы. Зейнолла Сәнік – 90 жыл» атты республикалық экспедиция бастау алды, деп хабарлайды Ult.kz.

Белгілі жазушы, этнограф Зейнолла Сәніктің мерейтойы аясында ұйымдастырылған бұл арнайы экспедиция ұлттық рух пен тарихи сананы жаңғыртуға бағытталған. Жоба барысында қазақ халқының салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары мен этнографиясы дәріптеледі.

Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкеновтің бастамасымен қолға алынған бұл ауқымды жоба аясында:

  • Ұлт этнографиясын жаңғырту;

  • Тарихи орындардың жағдайымен танысу;

  • Рухани құндылықтарды дәріптеу секілді маңызды шаралар жүзеге аспақ.

Сондай-ақ, жергілікті өлкетанушылар мен этнографтар зерттеулерінің негізінде арнайы кітап шығару жоспарланып отыр.

Жас таланттарды қолдау мақсатында Батыс Қазақстан өңіріндегі жоғары оқу орындарының дарынды студенттеріне көрнекті ақын Есенғали Раушанов атындағы арнайы стипендия тағайындалады.

30 наурызда Алматы қаласынан жолға шыққан экспедицияның алғашқы бағыты – Маңғыстау облысы. 31 наурызда экспедиция мүшелері киелі Шопан ата мен Бекет ата кесенелеріне зиярат етті. Бұл – халқымыздың рухани тамырына бойлаған символдық әрі тағылымды қадам болды.

Құрамында белгілі этнографтар, мәдениеттанушылар, қаламгерлер мен БАҚ өкілдері бар экспедиция мүшелері өңір халқымен, осы аймақтың тарихи мұрасын зерттеуші ғалымдармен кездесіп, мазмұнды сұхбаттар өткізуде.

Экспедиция жұмысы ертең Ақтау қаласында жалғасады.