Ұлттық қордың активтері наурызда 2,5 млрд АҚШ долларына төмендеді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Алдын ала деректер бойынша, Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері осы жылғы наурызда 30 млрд АҚШ долларына дейін 0,3 пайызға немесе 79 млн АҚШ долларына ұлғайды. Ұлттық банктегі екінші деңгейлі банктердің шоттарына 1,5 млрд АҚШ доллары мөлшеріндегі шетел валютасының түсімі валюта нарығында интервенциялармен теңестірілді», - деді ҰБ төрағасы.
Оның дерегінше, Ұлттық қордың активтері наурыз айында акциялар нарығының 13 пайызға құлдырауы және кепілдік берілген трансферттің бөлінуі есебінен бір айда 2,5 млрд АҚШ долларына немесе 4,2 пайызға төмендеп, 57,5 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл ретте акциялар нарығы жылдың басынан бері шамамен 32 пайыз жоғалтып, 23 наурызда ең төменгі мәнге жетті.
«Осыған байланысты халықаралық жалпы резервтер осы жылғы наурыздың соңында 87,4 млрд АҚШ доллары болды. Үкіметтер мен орталық банктер тарапынан бүкіл әлем бойынша қосымша өтімділікті бөлу жөніндегі экономиканы қолдаудың ауқымды шараларына байланысты акциялар нарығы қалпына келе бастады. Мәселен, биыл сәуірдің басынан бері Ұлттық қор акциялары индексінің кірістілігі +6,5% болды. Жалпы алғанда, Ұлттық қордың инвестициялық кірістілігі осы жылғы сәуірдің алғашқы 10 күні 850 млн АҚШ долларынан асты. Соның нәтижесінде Ұлттық қордың валюталық активтерінің көлемі ағымдағы сәтте 58,2 млрд АҚШ долларын құрайды», - деді Ерболат Досаев.