Фото: © Pixabay / Alexandr Podvalny
Қаржы министрлігінің бюджеттік кредиттеу, ұлттық қор және қаржы секторы мәселелері жөніндегі өзара іс-қимыл департаментінің директоры Айбол Арғынғазин Ұлттық қордан баласына ақша күтіп жүрген ата-аналарға үндеу жасады, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
«Ең бастысы, ата-аналардан өтініп сұрайтынымыз — балаларын жеке құжаттандыру мәселесіне жіті назар аударып, соны қараса. Қандай да бір себеппен құжаттары болмай жатса, соны жасатса. Тіпті қандай да бір адами факторлардың себебінен азаматтардың мәліметі базадан түсіп қалған жағдай болса, ондай күннің өзінде де бала қаражатсыз қалмайды. Мысалы биыл мәліметтер базасында болмай қалса, келесі жылы өткен жылдың жылдың төлемі қоса аударылып отырады. Ондай мүмкіндік көзделген. Сондықтан ешбір бала Ұлттық қор қаражатынан шет қалмайды», — деді Айбол Арғынғазинов.
Оның сөзінше, ата-аналардың негізгі тексеретін екі көзі болады.
«Біріншісі — электронды үкімет порталы. Екіншісі — Бірыңғай жинақтаушы қорының порталы. Осы екеуінің де мобильді қосымшасынан көруге болады. Мысалы, БЖЗҚ-да ол жеке сәйкестендіру нөмірін теру арқылы көрінетін болса, электронды үкімет порталында әрбір ата-ананың жеке кабинетінде көрініп тұрады. Қазіргі кезде проактивті қызметтің түрі бар екенін білесіздер. Онда ата-ананың бүкіл балалары, олардың қандай мектепке баратыны, балабақшадағы кезегі, денсаулығы туралы барлық мәліметтер шоғырландырылған. Соның ішінде қосымша Ұлттық қордан жасалатын төлеу туралы мәліметте болады. Бұл интеграция қазір көзделген. Жаңа жылдан бастап көруге, тексеруге болады», — деді министрлік өкілі.