05 нау, 2020 сағат 19:56

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшелеріне жалақы төленбейді - министр

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев «Хабар» арнасының «Ашық диалог» бағдарламасында ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысына жарты жыл өтпей жатып не себепті оның құрамының өзгеріп жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дәурен Абаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрамынан 6 адам не себепті шығарылғаны туралы пікір білдірді. 

«Мен мұны айтарлықтай маңызды өзгерістер деп айта алмаймын. Ұлттық кеңестегі 44 адамның алтауы ғана ауысты. Бұл қарапайым жұмыс процесі. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі - негізгі жұмыспен қатар жүретін қоғамдық жүктеме екенін түсіну керекпіз», - дейді Дәурен Абаев. 

Министр кеңес мүшелеріне осы қызмет үшін жалақы төленбейтінін айтты.

«Бұл қызмет үшін жалақы төленбейді. Бұл жерге тек өз еріктерімен келеді. Сондықтан оны негізгі жұмыспен үйлестіру физикалық тұрғыда да өте қиын», - дейді ол.