Фото: yandex.kz
Кітапханаға жыл сайын келетін оқырманның саны 1 миллионнан асса, құжаттардың оқырманға берілу мөлшері 2 миллион данаға жуық. Қазір кітапхананың оқырманы 84 мыңнан асады. Оның 80 пайызға жуығы – жастар. Бұл туралы Ult.kz тілшісіне Ұлттық кітапхананың қорларды сақтау қызметінің жетекшісі Фатима Құралбекқызы айтып берді.
Кітапханашының сөзінше, бұрын Ұлттық кітапхананың оқырманы ретінде тіркелу үшін бала 15 жасқа толуы керек болса, қазір 12 жастан бастап жазылуға рұқсат етілді. Өйткені мектепте оқушыларға тапсырма беріледі. Ата-анасы баласын жетектеп, кітапханаға көп келетіндіктен, осындай шешім қабылданған екен.
Фото: Фатима Құралбекқызының жеке мұрағатынан
«Ұлттық кітапханадағы құнды мұраларды сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу, үлкен жауапкершілікті талап етеді. Кітапхана қорының толықтырылып отыруы «Мәдениет туралы» және «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңдарға сәйкес басылымдардың міндетті тегін даналарын алу жолымен жүзеге асырылады. Заңға сәйкес, Ұлттық кітапхана Қазақстан баспа басылымдарының міндетті данасының депозитарийі саналады. Бұдан бөлек, кітапхана қоры отандық авторлардың өз кітаптарын сыйға тартуы арқылы да толықтырылып отырады. Қорда отандық баспа басылымдарының архивтік қоры жинақталған және мәңгілікке сақталады. Ұлттық кітапханада Алаш арыстарының ұйымдастыруымен осыдан жүз жыл бұрын жарық көрген ұлттық ата басылымдар түпнұсқада сақталып келеді. Қазіргі таңда отандық әрі шетелдік жетекші ғалымдар тобы мерзімді басылымдарға байланысты зерттеулер жүргізіп отырады. Ұлттық кітапхананың Сирек қорында сақталған тұңғыш мерзімді басылымдар қатарында: «Түркістан облыстық ведомстволары», «Қазақ», «Еңбекші қазақ», «Советская степь» газеттері және «Айқап», «Садақ», «Абай», «Шолпан», «Жас қазақ», «Таң», «Әдебиет майданы», «Әйел теңдігі» журналдары бар. Қазақ қоғамдық өмірінің шежіресі болған бұл басылымдар тоталитарлық режімдегі қазақ халқының сана-сезімінің оянуына, өз тарихын, әдебиетін, мәдениетін білуге, өзін-өзі тануына түрткі болғаны белгілі», – дейді Фатима Құралбекқызы.
Қорларды сақтау қызметі Ұлттық кітапхананың жертөлесінде орналасқан. Ол екі қабаттан тұрады. Қызметтің жалпы көлемі – 9 мың шаршыметр. Мерзімді және жалғасты басылымдарды сақтау тобының негізі 1940 жылы қаланған.
«Бұл қорға республикалық, облыстық, өлкелік газеттер, ведомстволық, көп тиражды журналдар мен еңбектер түседі. Мерзімді басылымдар қоры 3 630 аталымнан, 2 млн 800 мың дана сақтау бірлігінен асады. Бұл мәлімет газет-журналдардың күнделікті шығуымен толығып, саны артып отырады. Уақыт өткен сайын жазба ескерткіштері ескіріп, тозады, соның салдарынан құжаттар ішінара немесе толығымен жоғалу қаупімен бетпе-бет келеді. Кітапханамызда кітап қорын цифрландыру қолға алынған. Құжаттарды ұзақ мерзімге сақтау мақсатында кітапхананың Қалпына келтіру, консервация және түптеу орталығында кітапты өңдеу жұмыстары жүргізіледі. Құжаттар жерден 20 см биік сөрелерде орналасқан және ай сайын дымқыл емес, құрғақ шүберекпен сүртіп шаңнан тазартылып отырады. Терезе саңылауларына және жылу жүйесінің элементтеріне қатысты кітап сөрелері перпендикуляр орнатылған. Жалпы, талаптарға сәйкес, кітаптар күн нұры түспейтін қараңғы жерде сақталады, қордың температурасы 18–20 градустан жоғары болмауы керек, ылғалдылығы 50–60 пайыз сақталады. Өкінішке қарай, кітапхананың Мерзімді және жалғасты басылымдар қорындағы 1945–2001 жылдар аралығындағы газеттерде кейбір мақала, сурет оқырман тарапынан қиылып, кесіліп, зақымдалған», – дейді кітапханашы.
Кітапхана маманының сөзінше, бұл оқырман жауапкершілігінің жоқтығын көрсетеді. Қазіргі таңда мерзімді басылымдарды қиып алу, зиян келтіру мәселесі көп кездеспейді. Оқырманның құжаттарды өзімен алып кетпеуі мақсатында оқырман залында бақылау камералары орнатылған. Қызметкерлер оқырманның мерзімді басылымдарға берген электрондық тапсырысын орындауда отандық республикалық автоматтандырылған кітапханалық-ақпараттық жүйе Web-RABIS-тің Кітап беру модулі (оқырманға құжат беретін 5 модульдің бірі) арқылы тапсырыстарды қабылдап алып, принтерден басып шығарады, тапсырысты оқырман билетіне тіркеп, лифтімен «Мерзімді басылымдар» оқу залына жіберіледі.
«Бір мезгілде бір газетті немесе мақаланы бірнеше оқырман сұрататын жағдайлар болады. Осындай жағдай туындағанда оқырманға Web-RABIS электрондық каталогіндегі библиографиялық жазбасына тіркелген электрондық нұсқасы ұсынылады. Ұлттық кітапханада басылымдарды цифрлау мынадай категориялар арқылы іске асырылады: жалғыз данадағы және жиі сұраныстағы «Қазақстан кітаптары» мұрағаттық қорындағы басылымдар; Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорындағы сирек кездесетін, аса құнды және көне басылымдар; музыкалық шығармалар мен ноталар; «Қазақстан: өткені мен бүгіні» дерекқорындағы мақалалар», – дейді Фатима Құралбекқызы.
Ақбота Мұсабекқызы