12 қаз, 2021 сағат 08:20

Ұлттық халық санағынан 8,4 млн азамат өтті


Респонденттердің Ұлттық халық санағының онлайн мүмкіндіктеріне деген қызығушылығы жоғары. Оған шара басталған сәттен бергі көрсеткіштер дәлел. Егер алғашқы екі аптаның ішінде (1-15 қыркүйек аралығы) сауалнамаға 3 млн. қазақстандық жауап қатса, 22 қыркүйек күні санақтан өткендер саны 5 млн-ға жетті. 28 қыркүйекте көрсеткіш 7 млн-нан асып отыр. Осылайша, халық санағына қатысқан азаматтардың үлесі 37%-ті құрады.

Онлайн санақ ыңғайлылығы мен жылдам өту мүмкіндігімен ерекшеленеді. 11 қазан сағат 10:00-дегі жағдай бойынша 7045196 респондент онлайн санақтан өтті. Олардың 6040911-і sanaq.gov.kz сайтында, 700972 адам Egov порталында тіркелу арқылы жауап берсе, 303313 адам санаққа Аitu қосымшасы арқылы қатысты.

Онлайн санақтан өткендер саны бойынша Түркістан облысы алда. Мұнда 913074 тұрғын санақтан өткені жайлы хабарлама алған. Онлайн санақтан өткен тағы 746343 адам Алматы облысында тіркелген. Үздік үштікті Шығыс Қазақстан облысы түйіндеді. Мұнда 707384 адам санақ сауалдарына жауап берді.

Бұл көрсеткіш бойынша әзірге соңғы екі орынды Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстары еншілеп тұр. Бұл өңірлерде сәйкесінше 215464 және 165749 адам санақтан өтіпті.

Ал, жергілікті халық санына шаққандағы санақтан өткендердің үлесі бойынша Шығыс Қазақстан облысы алда тұр. Мұнда азаматтардың 52% сауалдарға жауап берген (1 тамыздағы жағдай бойынша өңірде 1361163 адам тіркелген). Бұл көрсеткіш бойынша Қызылорда облысы екінші орында. Мұнда тұрғындардың 51,1% бүгінге дейін санақтан онлайн режимде өткен (1 тамыздағы жағдай бойынша өңірде 823052 адам тіркелген).

1 қазаннан бастап интервьюерлер үйлерді жаппай аралауды бастаған еді. 10 күннің қорытындысы бойынша офлайн санақпен еліміздің 1445204 тұрғыны қамтылған.

Айта кетейік, онлайн санақтан өту мүмкіндігі алдағы 4 күн, яғни қазанның 15-іне дейін қолжетімді болмақ. Онлайн санақтан тек үйде ғана емес, ел бойынша ашылған 3 мыңнан аса «санақ бұрыштарында» өтуге болады. Олар Халыққа қызмет көрсету орталықтары, «Қазпочта» филиалдары мен сауда-ойын сауық орталықтарында орналасқан.

Онлайн санақтан өтпегендер 30 қазанға дейін интервьюерлердің сауалдарына жауап бере алады. Барлық сауалдар бойынша 1446 байланыс орталығына хабарласуға болады. Қоңырау шалу тегін.