Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында ҚР Президентінің көмекшісі Ерлан Қарин білім беру және денсаулық сақтау салаларын жетілдіру бойынша ұсынылған бастамалардың біразы жүзеге асқанын айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Көлік иелеріне жүргізуші куәлігін талап етпейтін, тек қана жеке куәлікті қолдану мүмкіндіктерін қарастыратын жол жүру нормалары бойынша заң жобасы Мәжіліс қарауына ұсынылды. Бұдан бөлек, Ұлттық кеңестің үшінші отырысында білім беру және денсаулық сақтау салаларын жетілдіру бойынша ұсынылған бастамалардың біраз бөлігі жүзеге асып отыр. Соның ішінде педагогикалық бағыттар бойынша оқуға түсуші үміткерлер үшін іріктеу талаптары күшейтілді. Осы бағытта білім алатын бакалавриат студенттерінің шәкіртақысы 60 пайызға, ал докторанттардың шәкіртақысы 46 пайызға ұлғайды. Жоғары оқу орындарында профессорлық-оқытушылық құрамның орташа еңбекақысы 2019 жылмен салыстырғанда 27 пайызға өсті», - деді Е. Қарин.
Оның сөзіне қарағанда, Бас мемлекеттік санитар дәрігердің мәртебесі мен құзыреттілігінің кеңеюін қамтитын «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс қабылданды. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті құрылды, «Биологиялық қауіпсіздік туралы» заң жобасы дайындалды.
«Осының барлығы - Ұлттық кеңестің үшінші отырысында жарияланған бастамалар», - деді Ерлан Қарин.