Президенттің тапсырмасымен мемлекеттік университеттер коммерциялық емес акционерлік қоғамдар формасына ауысқанымен, жекешелендірілмейді және мемлекет меншігінде қалады. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі отырысында Мемлекет басшысы ұлттық және мемлекеттік жоғары оқу орындарын тек мемлекет меншігінде қалдыру туралы тапсырма берді.
Қазіргі уақытта мемлекеттік жоғары оқу орындары коммерциялық емес акционерлік қоғамға айналды. Құрылымның өзгеруінен кейін ел ішінде сол университеттердің жекеменшікке сатылуы мүмкін деген күдік пайда болды.
Президент мемлекеттік жоғары оқу орындарының сатылмайтыны туралы нақты айтты. Бұл – өте маңызды.
Себебі сол ЖОО-ларда еліміздегі студенттердің 40% оқиды және 35 мыңнан астам оқытушы мен қызметкер жұмыс істейді.
Олардың басым бөлігі XX ғасырдың 30-40 жылдары құрылды және тарихи тұрғыдан да еліміздің басты салалық жоғары оқу орындары болып табылады», - деді министр.
А.Аймағамбетов атап өткендей, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Satbayev University (Қ. Сəтбаев атындағы ҚазҰТЗУ) және Абай атындағы ҚазҰПУ сияқты жоғары оқу орындары елімізде білім беру жүйесі, ғылыми және инновациялық әлеуеті жағынан алдыңғы қатарда.
«Сонымен бірге мемлекет жоғары білім саласындағы жеке секторға да айтарлықтай қолдау көрсетіп келеді. Себебі қазіргі уақытта жоғары оқу орындарының 50% жекеменшік болып табылады.
Расында мемлекеттік ЖОО-ны жекешелендіру отандық білім беру жүйесінің, ғылыми-зерттеу және инновациялық қызметінің тұтастығына орны толмас зиян келтіріп, университеттердің мүліктік кешенінің бұзылуына да себеп болуы мүмкін.
Осылайша, Президенттің тапсырмасы бойынша мемлекеттік университеттер коммерциялық емес акционерлік қоғамдар формасына ауысқанымен, жекешелендірілмейді және мемлекет меншігінде қалады.
Бұл ретте, олар академиялық тұрғыда әлдеқайда еркін және қоғам алдында есеп беріп, барынша ашық жұмыс істей алады», - деп түйіндеді Білім министрі.
Еске салайық, бүгін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 4-отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде мемлекеттік және ұлттық жоғары оқу орындары сатылмайтынын атап өтті.
«Менің тапсырмама сәйкес, жоғары оқу орындарының құрылымын өзгерту жұмыстары жүргізілуде. Көптеген жоғары оқу орны коммерциялық емес акционерлік қоғамға айналды. Бұл ел ішінде әртүрлі әңгіме туғызуда. Сондай-ақ бірі мемлекеттік жоғары оқу орындары кейіннен жекеменшікке сатылуы мүмкін деген де күдік бар. Осыған орай мемлекеттік және ұлттық жоғары оқу орындары сатылмайтыны жөнінде мәлімдеймін», - деді Президент.