Фото: ашық дереккөз
Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 9 ақпандағы Жарлығымен Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті туралы ережеге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, деп хабарлайды Ult.kz.
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті — Қазақстан Республикасы Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін, өз өкілеттіктері шегінде ұлттық қауіпсіздік органдарының бірыңғай жүйесіне, барлау, қарсы барлау және жедел-іздестіру қызметіне, Мемлекеттік шекараны қорғау және күзету саласына, үкіметтік байланысты қамтамасыз ету мен шифрлау жұмысын ұйымдастыруға, сондай-ақ ақпараттандыру саласындағы мемлекеттік бақылауға (ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілерінің ақпараттық қауіпсіздігі бөлігінде), терроризм актілерінің және жеке адамға, қоғам мен мемлекетке қарсы өзге де аса қауіпті қылмыстық қол сұғушылықтардың жолын кесуге басшылықты жүзеге асыратын арнаулы мемлекеттік орган.
Сонымен қатар, ҰҚК ұлттық қауіпсіздік органдары авиациясының қызметін ұйымдастырады, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтайды, жолын кеседі, ашады және тергейді, мемлекеттік құпиялардың қорғалуын қамтамасыз етеді әрі Қазақстан Республикасында оларды қорғау жөніндегі уәкілетті орган саналады.
Енді Комитет ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуге арналған арнайы техникалық құралдар салаларында берілген рұқсаттар бойынша мемлекеттік бақылауды жүзеге асыруға құқылы. Аталған бақылау берілген рұқсаттар шеңберінде біліктілік немесе рұқсат беру талаптарына сәйкестігін тексеру түріндегі тексерулер және Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүргізілетін жоспардан тыс тексерулер нысанында жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жаңа функцияларына мыналар жатады:
— ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілерінің ақпараттық қауіпсіздігі бөлігінде ақпараттандыру саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;
— ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілерінің ақпараттық қауіпсіздігі бөлігінде ақпараттандыру саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптары бұзылған жағдайда нұсқамалар беру;
— ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілерінің ақпараттық қауіпсіздігі бөлігінде ақпараттандыру саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптары бұзылғаны анықталған кезде орындалуы міндетті нұсқамаларды жолдау.
Жарлық 2026 жылғы 9 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді.
Бұған дейін ҰҚК қазақстандықтардың жеке деректерін қорғайтын жаңа құрылым жасақтауы мүмкін екенін жазғанбыз.
