Фото: Kazgazeta.kz
Бүгін – Ұлттық басылым күні. 1913 жылдың 2 ақпанында Орынбор қаласынан «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көріп, оқушы қауымға жол тартты. «Қазақ» газетінің тұңғыш саны жарық көрген күн 2023 жылы «Ұлттық басылым күні» болып белгіленді. Осы айтулы күнге орай, «Бұл мерекенің мән-маңызы неде?», «Бүгінгі газет-журналдың болашағы қандай?», «Қазір газет-журналды кімдер оқиды?» деген сауалдармен Ult.kz тілшісі бүгінгі басылымдарда қызмет ететін журналистерді сөзге тартты.
Қазақ баспасөзінің тағылымға толы тарихында бұл күннің маңызы бөлек. Себебі дәл осы күні Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы секілді ұлт зиялыларының ізін жалғаған басылым мамандарына сөз берсек:
Фото: Айгүл Аханбайқызының facebook парақшасынан
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Egemen Qazaqstan» газетінің аға тілшісі:
Газет ақпаратында – құн, мақаласында – салмақ бар
Айқара ашып тұрып оқитын газеттердің мақалаларын интернет сайттар мен алақандай смартфондар келіп ауыстырғысы келетін сыңай байқалғалы біз өмір сүріп отырған ғасырдың ақпараттық кеңістігінде дәстүрлі басылымдарға орын қалмағандай үрей туатыны рас. Рас, интернет басылымдардың ақпаратты қас пен көздің арасында жедел тарату, газет секілді жол санаған шектеулі ауқымда емес, қалаған көлеммен ұсыну, баспахана, қағаз, жылдық жазылым, пошта қызметімен тарату дегенді тіпті де қажет етпейтін артықшылықтары болуы мүмкін. Осынша үнем мен электронды қызметтің нығметі тұрғанда, шаш етектен шығынға батып, тасқа басылған газет-журнал шығару ісі ақылға сыймайтын болып көрінуі заңды да. «Газет өледі, өшеді» дегелі қай заман, мұндай жағдайда біз көбіне жүз жылдан аса тарихы бар батыстық, америкалық газеттерді мысалға алып, газет-журналдың өлмейтінін өзімізше дәлелдеп, көңіл демдейтін өзге де себебін тауып, жұбанып жатамыз.
«Жаңалықты кім бірінші жеткізеді» деп алөкпе болып рейтинг қуып, ертелі-кеш интернет жаңалықтарды жариялауда жарысқа түскендердің, арнайы қадағалап отыратындардың, тіпті әлеуметтік желілер бетіне жекелеген адамдардың көрген-білгенін табан астында таспалап жатқан әбжіл тірлігіне қарап тұрып, интернет басылымдар мен дәстүрлі ақпарат құралдарын еріксіз салыстыруға тура келеді, әрине. Жаңалықты елден бұрын жариялаймын деп жанығып жүргенде, жалған ақпаратқа, қате дерекке жол беріліп жататыны жиі байқалады. «Фейк ақпарат» оқушысын адастырады, қоғамда кереғар пікір туғызады, соңыра таратқан ақпаратын түзетеді, кейде терістеуіне тура келеді, тіпті сайт бетінен біржола алып тастап жатады, ал бұл интернет құралының беделін сөзсіз түсіреді.
Ал газет үшін сенім мен байыптылық басты орында тұрады. Ол бұрыннан солай, газеттің басты капиталы – оқырман сенімі, сондықтан ол сенімді дерек көзі саналады. Қазір қай газет болса да, жалаң сөзге жол бермей, әр материалын сол салада танымал болған салмақты, білікті сарапшылардың пікірімен дәйектеп, дәлелдеп беруге тырысады. Яғни, газет ақпаратында – құн, мақаласында – салмақ бар. Бір сөзбен айтқанда, сапа бар. Ақпарат тасқынының астында нөпір жаңалықты игере алмай, ол ертеңге жұтылып жатқанда, сапалы, салмақты сараптамалар тереңдігімен баспасөз тарихы бетінде таңбаланып қалып жатады. Газет-журналдардың электронды ақпарат құралдарынан басты артықшылығы да, айырмашылығы да осы деп білемін.