28 жел, 2021 сағат 12:39

Ұлттық банктің кадр резервіне үміткерлерді іріктеу басталды


Қазақстан Ұлттық банкі кадр резервіне үміткерлерді іріктеу басталғанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қатысу үшін 2022 жылғы 5 қаңтар – 2022 жылғы 5 ақпан аралығында Қазақстан Ұлттық банкінің сайтында электрондық резюме толтыру қажет. 

Кандидаттарды іріктеу кезіндегі негізгі өлшемшарттар: білімі, жоғары біліктілік деңгейі, жұмыс тәжірибесі, халықаралық сертификаттардың болуы (қаржы, IT саласында).

Кадр резервіне іріктеу кезең-кезеңімен жүргізіледі. 

Бірінші кезең – түйіндеме мен мотивациялық хат (эссе) жолдау, одан кейін оларды қарау қорытындысы бойынша кандидаттарды Ұлттық банктің адам капиталын дамыту департаментінің өкілдері, сондай-ақ мүдделі бөлімше басшылары әңгімелесуге шақырады.

Іріктеуден өткен және кадр резервіне алынған ізденушілер жыл ішінде Қазақстан Ұлттық банкіне жұмысқа орналасуы мүмкін.

Кадр резервіне алынған кандидаттар тізімі қаржы реттеушісінің сайтында жарияланады.