14 сәу, 2020 сағат 09:27

Ұлттық банк «Бәйтерек» холдингінің инфрақұрылымдық облигацияларын сатып алмақ

Ұлттық банк «Бәйтерек» холдингінің инфрақұрылымдық облигацияларын сатып алады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ұлттық банк дағдарысқа қарсы шаралардың екінші топтамасы аясында мынадай бағыттар бойынша жұмыс жүргізуде. Мемлекет басшысының биылғы 31 наурыздағы тапсырмасына сәйкес «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 1 жылдық мерзіммен көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге 100 млрд теңге бөлінеді. Бағдарламаға қатысушылардың облигацияларын өтеу мерзімі 7 жылдан 10 жылға дейін ұлғайтылады», - деді ҰБ төрағасы. 

Оның айтуынша, дағдарысқа қарсы шаралардың екінші топтамасы аясында Ұлттық банк «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ның инфрақұрылымдық облигацияларын сатып алу арқылы 700 млрд теңгеге дейін кеңейту мүмкіндігімен 600 млрд теңге сомасына іскерлік белсенділік және жұмыспен қамтуды қолдау шараларын қаржыландыру мәселесін қарастырып жатыр. 

«Бұл қаражат жергілікті атқарушы органдарды одан әрі қаржыландыру үшін жұмсалады және Жұмыспен қамту жол картасын іске асыру үшін республикалық бюджеттен трансфертпен жергілікті бюджеттерге 300 млрд теңге бөлінгеннен кейін берілетін болады», - деді Ерболат Досаев.