19 қаң, 2022 сағат 16:50

ҰҚШҰ-ның біріккен штабы Қазақстанда болған оқиғаларға талдау жасамақ


ҰҚШҰ Біріккен штабы бастығының орынбасары, авиация генерал-майоры Тұралы Қойшықұлов Қазақстанда болған оқиғаны бірлесіп талдау жоспарда бар екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының біріккен штабы дағдарыстың алғашқы минуттарынан бастап бұл ұйымға мүше мемлекеттер қорғаныс ведомстволарының қызметін үйлестіру мақсатында күшейтілген режимде жұмыс істеді. 

Біріккен штабтың басты міндеті Қазақстан Республикасының аумағында ұйымның Ұжымдық бітімгершілік күштерін құру, қайта топтастыру және өрістету, сондай-ақ бітімгершілік операцияларды дайындап, оларды өткізу жөніндегі қарулы күштер бас штабтарының өзара іс-қимылын ұйымдастыру болды», - деген ҰҚШҰ өкілі біріккен штаб елде болған тәртіпсіздіктерге талдау жүргізетінін айтты.

«Қазіргі уақытта болған оқиғаларға талдау жүргізіп жатырмыз. ҰҚШҰ-ның дағдарыстық жағдайларға ден қою тетіктерін жетілдіру, Дағдарысқа ден қою орталығының қызметі, Ұйым әскерлерін (ұжымдық күштерін) материалдық-техникалық және медициналық қамтамасыз ету жүйесінің, сондай-ақ Ұйымның қызметін ақпараттық қамтамасыз етудің жолдары жоспарланды. Болашақта ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің қорғаныс ведомстволарымен біздің бірлескен қызметіміз бойынша тұжырымдар мен ұсынымдар жасалады», - деді Тұралы Қойшықұлов.