Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы елдері ауған есірткісіне қарсы операция жүргізеді. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстанның төрағалығымен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жөніндегі құзыретті органдар басшыларының үйлестіру кеңесінің 23-ші отырысы өтті. Бейнебайланыс арқылы өткен отырысқа Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Ресейдің есірткіге қарсы құрылымдарының басшылары қатысты. Кеңес барысында 2021 жылғы ынтымақтастықтың қорытындылары шығарылып, одан әрі өзара іс-қимылдың жолдары белгіленді. Қазақстанның ішкі істер министрінің орынбасары Арыстанғани Заппаров өңірдегі «Ауған апиыны» экспортының өсуі ықтималдығына байланысты аталған ұйымға мүше елдердің қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін өткір проблемалардың бірі ретінде Ауғанстандағы жағдайға баса назар аударды»,- деді Нұрділдә Ораз ІІМ баспасөз алаңында өткен брифинг барысында.
Оның атап өтуінше, Ұжымдық қауіпсіздікке мүше мемлекеттердің 2021-2025 жылдарға арналған есірткіге қарсы стратегиясын іске асыру барысы талқыланды. «Арна-гранит бастион» субөңірлік есірткіге қарсы операциясының нәтижелеріне жоғары баға берілді. Арнаулы операция Орталық Азия елдері арқылы өтетін Ауған апиыны транзитінің «солтүстік бағытында», сондай-ақ Кавказ-Қара теңіз бағытында және ұжымдық қауіпсіздікке мүше мемлекеттер шекараларының басқа да учаскелерінде өтті.
Бірлескен жұмыс нәтижесінде 773 есірткі қылмысы анықталды. 5,5 тоннадан астам есірткі, оның ішінде 5 келіге жуық апиын, 13 келі гашиш, 12 келі героин, 5 тонна марихуана, 22 келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленді»,- деді ол.
Ресми өкілдің атап өтуінше, ақпараттық-телекоммуникациялық технологияларды пайдалана отырып, заңсыз есірткі саудасына қарсы бірлесіп әрекет ету және Интернет желісінде есірткіні насихаттау ынтымақтастық бағытының бірі болып айқындалды.
«Сондай-ақ «Канал» есірткіге қарсы операциясының үш кезеңін өткізу туралы шешім қабылданды. Бірінші кезеңі Қырғыз Республикасында Халықаралық үйлестіру штабын орналастыра отырып, «Канал-екінші тосқауыл» деген атаумен; Екінші кезең Ресей Федерациясында «Канал-Невский қалқан», Үшінші кезең Беларусь Республикасында «Канал - Неман» деген атаумен өткізіледі», - деді Нұрділдә Ораз.