19 қаң, 2022 сағат 16:11

ҰҚШҰ бітімгершілік күштерінің Қазақстандағы миссиясы табысты аяқталды - СІМ


ҰҚШҰ бітімгершілік күштерінің Қазақстандағы миссиясы табысты аяқталды. ҚР Сыртқы істер министрлігінің Еуразиялық интеграция департаментінің директоры Александр Синяговский осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі таңда ҰҚШҰ-ның Қазақстан Республикасы бастамасымен елге келген бітімгершілік күштер миссиясы жұмысын табысты аяқтады. 13 қаңтардан бастап Қазақстанның ресми үндеуі негізінде және ҰҚШҰ-ның барлық елдері қол қойған құжатқа сәйкес, ҰҚШҰ-ның біріккен бітімгершілік контингентін кезең-кезеңімен шығару басталды. Бізге келген бітімгерлер миссиясын сәтті орындап, өз елдеріне оралды. ҰҚШҰ ұжымдық күштері Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қол қойылған күннен бастап 30 жыл ішінде алғаш рет жұмылдырылғанын атап өткен жөн. Қаңтар айының басында қарулы экстремистер, террористер тарапынан қарсы агрессия актісіне тап болған Қазақстан ҰҚШҰ-дағы әріптестерінен қолдау көрсету туралы көмек сұрады», - деді СІМ өкілі. 

Александр Синяговский бітімгершілік миссияны қысқа мерзімге әкелуге ұйымның 1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарты мен 2007 жылғы 6 қазандағы бітімгершілік қызмет туралы келісімі, сондай-ақ ҚаР Президентінің тиісті үндеуі құқықтық негіз болғанын еске салды. 

«Атап айтқанда, ұжымдық қауіпсіздік туралы шарттың 4-бабында егер қатысушы мемлекеттердің бірі агрессияға ұшыраса, ұйым ондай әрекетті осы шартқа қатысушы барлық мемлекеттерге агрессия ретінде қарастыратыны анық жазылған. Агрессия жасалған жағдайда барлық басқа мемлекеттер өтініш бойынша дереу қажетті көмек, оның ішінде әскери көмек береді», - деп толықтырды Александр Синяговский.