Украина әскерінің басшылығы елдің шығысындағы Новолуганское ауылында жарылыс болып, үш сарбазының қаза тапқанын хабарлады. Өткен аптада қақтығыс аймағында барлығы бес украин сарбазы қаза тапты.
Украина президенті Владимир Зеленскийдің әкімшілігі істің мән-жайын анықтау үшін Донецк облысына қорғаныс министрі мен қарулы күштер штабының басшысы аттанғанын мәлімдеді.
Қазір Біріккен Араб Әмірліктерінде ресми сапармен жүрген Владимир Зеленский мұндай қайғылы жағдайдың қайталанбауы үшін дереу тергеу жүргізу қажет деді. Украина президенті 15 ақпан күні еліне оралып, әскер басшыларының оқиға жөніндегі есебін тыңдайды деп хабарлады мемлекет басшысының әкімшілігі.
Елдің шығысында 2014 жылдан бері Украина әскері мен ресейшіл сепаратистер қақтығысып келеді. Жетінші жылға шыққан бұл қақтығыста осы уақытқа дейін 13 мыңнан астам адам қаза тапқан.