11 қар, 2022 сағат 18:03

Украинаның Николаев қаласында бес қабатты тұрғын үйге зымыран құлады


Қала басшысы Александр Сенкевичтің мәліметінше, Ресей әскері 11 қарашаға қараған түні  тұрғын үй орналасқан аумақты зымыранмен атқылаған. Бір зымыран бес қабатты үйге түскен.

"Бесіншіден бірінші қабатқа дейін қирап қалды", – деп жазды Сенкевич Телеграм-арнасында. Оның айтуынша, кем дегенде екі адам өлген, тағы екі адам жараланған.

Мәліметті Николаев облысы әскери әкімшілігінің басшысы Виталий Ким растады. Кейін ол қаза болғандар бесеуге жеткенін хабарлады.

Украина Президенті Владимир Зеленский Николаев қаласында түсірілген видео жариялапқалаға жасалған соққыны "террорист мемлекеттің майдандағы сәтті қадамдарымызға қорқау жауабы" деп сипаттады.

"Құтқару-іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр", деп мәлімдеді ол.

Айта кетейік, Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу 9 қарашада әскерді Днепрдің оң жағалауына көшіруді бұйырған. Украина қорғаныс министрі Алексей Резниковтың пікірінше, Ресейге әскерді әкету үшін кем дегенде бір апта қажет.