27 нау, 2020 сағат 11:10

Украинадан 76 отандасымыз елге оралды

Украинада жүрген Қазақстанның 76 азаматы бүгін елге оралды. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Коронавирус инфекциясының жылдам тарауына байланысты азаматтарымызды шет елдерден қайтару жөніндегі іс-шаралар аясында 27 наурызда Украинадан Қазақстанға тағы 76 отандасымыз сәтті оралды», - делінген ведомство ақпаратында. 

Министрлік мәліметінше, Қазақстаның Украинадағы Елшілігінің дипломаттары осындай нәтижеге қол жеткізу үшін ауқымды жұмыс атқарып, азаматтарымыздың тізімін әзірлеген. Сонымен қатар «Киев – Алматы – Киев» бағытында чартерлік рейс ұйымдастыру үшін тиімді әуекомпанияны анықтау, қазіргі әлемдегі қиын жағдайда логистика мәселесін шешу және басқа да көптеген ұйымдастыру шараларын жүзеге асырған.

«Украинадағы дипломаттарымызға азаматтарымыздың игілігі үшін қажырлы еңбек етіп, қойылған міндеттерді адал орындағаны, сондай-ақ ҚР СІМ жедел штабындағы әріптестерімізге бүкіл әлем бойынша елшіліктер қызметкерлерінің жұмысын тиімді үйлестіргені үшін алғыс білдіреміз», - деп атап өтеді министрліктен.