©Sipa / Scanpix
Украинада соғыс басталғалы бері қаза тапқаны анықталған бейбіт тұрғын саны жеті мыңнан асты. Бұл дерек БҰҰ адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссарының жаңа баяндамасында айтылған.
Баяндамада "бұл құжатқа қатталып, қазасы расталған адамдар ғана, бірақ кескілескен шайқас болған аймақтарда (Мариуполь, Северодонецк, Лисичанск, Соледар мен Бахмут) өлгендер саны бұдан да көп болуы әбден мүмкін, ол жақтан соғыс кезінде толымды ақпарат алу мүмкін емес" деп жазылған.
БҰҰ дерегінше, Ресей басқыншылығы басталған 2022 жылдың 24 ақпанынан биылғы 16 қаңтарға дейін Украинада 7031 бейбіт тұрғын, оның ішінде 433 бала қаза тапқан. Сондай-ақ 11327 адам жараланған, оның 827-сі – бала. Марқұмдардың 90 пайыздан астамы Украина билігі бақылайтын аумақта өлген.
Бұған дейін Ресей зымыраны түсіп, тұтас бір подъезі түгел қираған Украинаның Днепр қаласындағы тұрғын үйде болған жарылыстан қаза тапқандар саны 40 адамға жетті. Кейінгі мәліметке қарағанда, қаза болғандар арасында үш бала бар, тағы отызға жуық адамның тағдыры әлі белгісіз. Қираған үйдің орнынан 39 адам құтқарылған. Жарылыс салдарынан жараланған 75 адамның арасында 14 бала бар.