15 қыр, 2020 сағат 06:35

Украинада Еуропаға газ өткізетін құбыр жарылды

Киев облысының Чабаны елдімекенінде Еуропаға газ жеткізетін және кенттің жанынан өтетін жоғары қысымды газ құбырында (Уренгой-Помары-Ужгород) саңылау пайда болған, деп хабарлайды Укринформ агенттігі.

Бұл туралы Чабаны кентінің кеңесі хабарлаған. 

Қазір бітеуіш орнатылды, газдың шығуы тоқтады. 

«Сіздерден тыныштық сақтауларыңызды сұраймыз, қажет болған жағдайда Украинаның төтенше жағдайлар қызметі өкілдерінің нұсқауларын қатаң сақтаңыздар», - делінген хабарламада. 

Әлеуметтік желілерде жергілікті тұрғындар қатты дауысты естігендерін айтады, ал кейбір тілшілер бұны газ құбырындағы жарылыс деп болжап отыр. 

«14.09.2020 жылы сағат 00.30-да Киев-Святошинский ауданының Чабаны кентінде жоғары қысымды құбыр жарылды. Барлық апаттық-құтқару қызметтері оқиға орнында, жақын елді мекендерде электр қуаты өшірілген, газбен жабдықтауды тоқтату шаралары жүргізілуде. Түнгі сағат 1:15-те құбырды жауып тастады», - деп жазды Киевтің тұрақты полиция комиссиясының төрағасы Сергей Гулиев. 

Сонымен қатар, авторлардың бірі Центральное поле көшесінде өрт сөндіру машиналары тұрғанын хабарлады. Жергілікті тұрғындар елдімекеннің бірнеше көшесінде жарық өшірілгенін хабарлады.