01 нау, 2022 сағат 00:40

Украина-Ресей келіссөзі: Тараптар қайта кездесетін болып тарқасты


Украина мен Ресей өкілдері Припяттегі келіссөздердің алғашқы раундынан кейін өз елдерінің астаналарына қайтатын болды. Келіссөзде айтылған шарттарды сол жақта пысықтап, қайта жолығатын болып уағдаласты. БЕЛТА агенттігі Украина Президенті Кеңсесі Басшысының кеңесшісі Михаил Подоляктің журналистерге берген мәліметіне сүйеніп осындай ақпарат таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгін Украина мен Ресей делегациясы келіссөздердің бірінші раундын өткізді. Оның негізгі мақсаты Украинадағы атысты тоқтату және соғыс қимылдарын талқылау болды. Тараптар белгілі бір шешімдер белгіленген бірқатар басым тақырыптарды анықтады. Сол шешімдер бойынша қандай да бір консультациялар алу үшін қос тараптың өкілдері өз елдерінің астаналарына қайтады. Сондай-ақ, қос тарап келіссөздің екінші раундын өткізу мүмкіндігін талқылады. Сол кездесуде бүгінгі келіссөзде айтылған мәселелер бойынша нақты практикалаық шешімдер қабылдануы мүмкін», - деді Михаил Подоляк. 

Ал Ресей делегациясының жетекшісі, РФ Президентінің көмекшісі Владимир Мединскийдің сөзінше, екі елдің өкілдері талқыланатын мәселелер бойынша негізгі бағыттарды анықтаған. 

«Біз ортақ ұстанымдарды болжауға мүмкіндік беретін кейбір нүктелерді таптық», - деді Ресей тарапының өкілі. Оның айтуынша, тараптардың келесі кездесуі Беларусь-Польша шекарасында өтеді. 

«Ресей мен Украина Беларусьтегі келіссөзде бірін-бірі тыңдады», - деді журналистерге Ресей Федерацииясы делегациясының мүшесі, РФ Мемлекеттік Думасының Халықаралық істер жөніндегі комитетінің төрағасы Леонид Слуцкий. 

Оның сөзіне қарағанда, келіссөздер барысында атысты тоқтату және демилитаризация мәселелері талқыланған.